БҚО-да тазалық талаптарын бұзған 7,5 мың адам жазаланды
Тазалық пен тәртіпті бақылау үшін «Target EYE» жүйесі қолданылады
Батыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қарқынды жүріп жатыр. Өңірде жыл басынан бері санитариялық және абаттандыру ережелерін бұзған 7 580 әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тәртіп сақшылары мен жергілікті атқарушы органдар елді мекендерде бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, абаттандыру талаптарын сақтамау, инфрақұрылым нысандарына зиян келтіру, сондай-ақ жасыл желектерді жою немесе бүлдіру бойынша 6 068 дерек тіркелді. Жергілікті органдар белгілеген орындардан тыс сауда жасағаны үшін 1 088 адам жауапқа тартылды. Ал қоғамдық және ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 424 дерегі анықталды.
Тазалық пен тәртіпті бақылау үшін «Target EYE» жүйесі қолданылады. Өңірде құқықбұзушылықтардың алдын алу және тазалықты қадағалау мақсатында цифрлық технологиялар енгізілуде. Осыған байланысты облыс орталығындағы 50 контейнерлік алаңға заманауи бейнебақылау камералары орнатылды.
Камералар Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылып, бірыңғай «Target EYE» жүйесіне біріктірілген. Бейнеаналитика технологиясы қоқыс контейнерлерінің толу деңгейін бақылауға және қалдықтардың белгіленбеген орындарға тасталуын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
