Абай облысында үш жыл бұрын жоғалған ер адамның өліміне қатысты күдікті анықталды

Кешенді тексеру нәтижесінде күдікті өз кінәсін толық мойындап, мәйіт жасырылған жерді көрсетті

Абай облысында үш жыл бұрын жоғалған ер адамның өліміне қатысты күдікті анықталды
Фото: © istockphoto.com

Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің жүйелі жұмысы нәтижесінде Абай облысында үш жылдан астам уақыт бұрын жасалған кісі өлтіру қылмысының беті ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2023 жылдың қыркүйек айында полицияға әйел адам келіп, жұмыс бабымен кетіп, байланысқа шықпаған күйеуін іздестіруді сұраған. Алайда сол кезде жүрген жерін анықтау мүмкін болмады. Полицейлер іздестіру жұмыстарын тоқтатпай, түрлі нұсқаларды тексеріп, жүйелі түрде жұмыс жүргізді.

Жедел шаралар барысында тәртіп сақшыларының назарына басқа қылмысы үшін бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан азамат ілікті. Кешенді тексеру нәтижесінде күдікті өз кінәсін толық мойындап, қылмыстың мән-жайын баяндады. Сондай-ақ мәйіт жасырылған жерді көрсетті.

Қазіргі уақытта жиналған дәлелдемелер негізінде айыптау актісі жасалып, қылмыстық іс сотқа жолданды.