Жол, жарық, ауыз су және газ: Шымкенттің Тұран ауданында инфрақұрылым қалай жаңарып жатыр
Ауданда табиғи газбен қамту деңгейі 85,7 пайызға жеткен
Шымкенттің Тұран ауданында 232 мыңнан астам тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асып жатыр. Ауданда инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, жол сапасын жақсарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аудан әкімі Б. Әзімбердиевтің мәліметінше, 2026 жылы ауыз су, электр энергиясы, газ, кәріз жүйесі және абаттандыру салаларында бірқатар жоба жүзеге асырылған.
Қазір Тұран ауданының аумағы – 36 300 гектар. Мұнда 22 шағын аудан, 39 357 жеке тұрғын үй мен 548 көпқабатты үй орналасқан. Жалпы тұрғындар саны – 232 708 адам. Аудан аумағында 1 229 көше мен 293 әлеуметтік нысан бар.
Инженерлік инфрақұрылым бойынша барлық 22 шағын аудан сапалы ауыз сумен және электр энергиясымен толық қамтылған. Құрсай шағын ауданында су жүйесін тарту жұмысы кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Бірінші кезең аяқталып, пайдалануға берілсе, екінші кезеңді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар биыл ауданда 12 жаңа трансформаторлық станция орнатылды.
Табиғи газбен қамту деңгейі 85,7 пайызға жеткен. Қазір 19 шағын ауданның тұрғындары газ пайдаланып отыр. Құрсай мен Жаңаталап шағын аудандарының кейбір бөліктерін 2026-2027 жылдары газдандыру жоспарланған. Ал Айкөл шағын ауданында газ тарту жобасының құжаттары келесі жылы әзірленеді. Кәріз жүйесі 13 шағын ауданда бар. Қазір қаланың орталық бөлігі мен Қорғасын шағын ауданындағы 14 көшеде кәріз желілері тартылып жатыр.
Көше жолдарын жөндеу жұмыстары да жалғасуда. Биыл 68 көшеде жөндеу жүргізілді. Оның 66-сында жол жөнделсе, тағы екі көшеге жаңадан асфальт төселді. Ал 2025 жылы 251 көшедегі жалпы ұзындығы 112,3 шақырым жол жаңартылған болатын.
Тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін ирригациялық жүйелер мен аяқжолдар салынуда. Бүгінде 203 көшеде 134,5 шақырым ирригациялық жүйе бар. Биыл 28 көшеде 16,1 шақырым су бұру жүйесінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ 36 көшеде аяқжол салу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Абаттандыру аясында көшелерді жарықтандыру және қоғамдық демалыс орындарын көбейтуге көңіл бөлінген. Қазіргі уақытта «Тұран» коммуналдық мекемесі 1 098 көшеге, ал «Abm-Building 2007» ЖШС 131 көшеге қызмет көрсетеді. Жыл соңына дейін 42 ауладағы көшелер мен өткелдерге қосымша 93 жарықшам орнату жоспарланған.
Сонымен қатар ауданның жеті аумағында әмбебап демалыс орындары мен гүлзарлар салу көзделген. Биыл Рысқұлов пен Адырбеков, Рысқұлов пен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында субұрқақтар орнатылды. Абай және Металлург саябақтарында шахмат клубтары ашылды.
Қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мақсатында цифрлық бақылау жүйелері де жетілдірілуде. 2025 жылы көшелер мен аулаларға 282 бейнебақылау камерасы орнатылған. Биыл қосымша камералар орнату жұмыстары жүргізіліп, үш мектептің аумағына құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналған дрондар қойылды.
Экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы ірі жобалардың бірі – қатты қалдықтарды өңдейтін заманауи кешен құрылысы. Құны 54 млрд теңгені құрайтын жобаны «Shaanxi Construction Engineering Kazakhstan Co., Ltd.» компаниясы 2026-2028 жылдары жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жалпы аумағы 12 гектар болатын кешенде жылына 1 000 тоннаға дейін қалдық өңдеу, 24 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіру және кемінде 80 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.
Тұрғын үй инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары да жалғасуда. Аудандағы 548 көпқабатты үйдің 503-і орталық жылу жүйесіне қосылған, қалғандары автономды жылыту жүйесін пайдаланады. Орталық жылу жүйесіне қосылған барлық үй жылу маусымына толық дайын. Биыл төрт көпқабатты үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, тағы бір нысанда жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар алты мекенжайдағы ғимараттардың 1 080 шаршы метр қасбетіне мурал салу аяқталды.
Ауданда балалар мен жастарға арналған нысандар да көбейіп келеді. Қазір мұнда 419 балалар ойын алаңы және 121 ашық спорт алаңы бар. Биыл тағы 19 ойын алаңы мен 10 кешенді спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді.
Тұран ауданында жалпылай алғанда инженерлік желілерді жаңарту, жолдарды жөндеу, тұрғын үй қорын жақсарту және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, ауданның инфрақұрылымдық әлеуетін нығайтуға бағытталған.
