Тоқсанға келсе де садақ ата алады: әлем чемпионатына қатыстан әже көпшілікті таң қалдырды
Мергендер сайысы Оңтүстік Кореяда өтті
Жақында Оңтүстік Кореяда дәстүрлі садақ атудан әлем чемпионаты өтті. Бұл бәйгеде бақ сынағандардың арасында тоқсандағы моңғол әжей де болған. Оның әлі күнге дейін спортпен айналысып, халықаралық жарысқа қатысқаны көптің назарын аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақ жаулықты апаның нысанаға көздеп тұрған видеосын қазақстандық садақшы өз парақшасына салып, қайран қалған.
«Міне, қараңыздаршы, аяулы әжеміз 90 жаста болса да садақ атып жүр. Бұл спортта ешқандай жас шектеуі жоқ. Апамыздың жасын берсін, жолын берсін! Жастарға үлгі болып, спорттан қол үзбей, әлі талай бірге жебе атуды нәсіп етсін!», – деп жазды ол.
Байқағанымыздай, ол байқауға қатысып қана қоймай, өзге елден келген мергендермен де жылы қарым-қатынас орнатқан. Ал видео авторы әжейге шоколад сыйлап, көңілін көтерген.
Айта кетейік, 30 қазан мен 4 қараша аралығында Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласында дәстүрлі садақ атудан әлем чемпионаты өтті. 38 елден келген 700-ге жуық мерген өзара бақ сынап, мықтыларды анықтады.
