Денсаулық сақтау вице-министрі ұшақтағы жолаушыға алғашқы көмек көрсетті

Жолаушының қысымы көбейіп, ауа жетпей қалған

Денсаулық сақтау вице-министрі ұшақтағы жолаушыға алғашқы көмек көрсетті
Фото: видеодан скриншот

Астана-Тараз бағытындағы ұшақта жағдайы күрт нашарлаған жолаушыға алғашқы көмек көрсеткен Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың видеосы желіде тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, жолаушының ұшақта жүрегі айнып, әлсіздік белгілері пайда болған. Сонымен қатар қан қысымы көбейіп, ауа жетпей қалған. Бортта болған вице-министр жолаушының жағдайын байқап, бірден қан қысымын тексеріп, көмектесуге тырысқан.

Ұшақ Тараз әуежайына жете салысымен жедел жәрдем мамандары шақырылып, науқастың жағдайы бақылауға алынған.

Бұл жағдайдан кейін әлеуметтік желіде оның бұрынғы әріптесі пікір қалдырды.

«Манас Ембергенұлы – хирургия саласында мол тәжірибесі бар, күрделі және жоғары жауапкершілікті операцияларды шебер орындайтын кәсіби маман. Оның білімі мен тәжірибесі, хирургиялық шеберлігі мен науқасқа деген жауапкершілігі әріптестер мен пациенттер арасында жоғары бағаланады. Басшылық қызметте жүрсе де, практикалық медицинадан қол үзбей, хирургиялық тәжірибесін жалғастырып келеді», - деп жазды білікті дәрігер Жандос Сейдахметов.