АЭС салу үшін Үлкен ауылында 33 мың адамға арналған қалашық бой көтереді
Болашақ АЭС қызметкерлерін оқытуға, қайта даярлауға және олардың кәсіби біліктілігін арттыруға арналған арнайы оқу орталығы ашылады
Елімізде атом электр станциясын салу жобасы аясында Балқаш жағасындағы Үлкен ауылын 33 мыңға дейін адам тұратын заманауи елді мекенге айналдыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Түркиядағы «Аккую» АЭС-інде жұмыс істейтін қазақстандық мамандармен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Агенттік басшысының айтуынша, 33 мың адамға дейін тұруға арналған атомшылар қалашығы қазіргі ауылдың құрамына қосылады. Мұнда тұрғын үйлер, мектептер мен медициналық мекемелер салынады. Сондай-ақ мамандарды даярлау және қайта даярлау орталықтары ашылып, қонақүй, қызмет көрсету саласы мен шағын және орта бизнестің дамуына көңіл бөлінеді.
«Бұл жеке жұмысшылар кенті болмайды. Бұл – өмір сүруге қажетті барлық ілеспе инфрақұрылымы бар Үлкен ауылының дамуы», – деп атап өтті Алмасадам Сәтқалиев.
АЭС құрылысын қамтамасыз ету үшін салынатын нысандарды кейін де пайдалану мүмкіндігі ескеріледі. Салынып болған соң оларды ауыл тұрғындарының қажетіне жаратуға және кәсіпкерлікті дамыту үшін қолдануға болады.
Сондай-ақ ауылға заманауи цифрлық технологияларды енгізу жоспарланып отыр. Агенттік басшысының айтуынша, Үлкен ауылын Балқаш жағалауындағы ең заманауи елді мекендердің біріне айналдыру көзделген. Ауылдың табиғи ландшафты мен қолайлы орналасуы демалыс орындарын ашып, туризмді дамытуға да мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, болашақ АЭС қызметкерлерін оқытуға, қайта даярлауға және олардың кәсіби біліктілігін арттыруға арналған арнайы оқу орталығы ашылады.
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бір атом электр станциясының құрылысы қызған кезде 15 мыңға дейін маман қажет болады. Олардың қатарында инженер-құрылысшылар, дәнекерлеушілер, монтажшылар, электр мамандары, автоматтандыру және сапаны бақылау саласының қызметкерлері бар. Ал станцияны кейіннен пайдалану кезеңінде шамамен 2 мың қызметкер, яғни атом инженерлері, реактор қондырғыларының операторлары, ядролық және радиациялық қауіпсіздік, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу жөніндегі мамандар қажет болады.
Мамандарды Қазақстандағы осы салаға маманданған оқу орындарында, сондай-ақ Қытай мен Ресейдің арнайы білім беру ұйымдарымен бірлесіп даярлау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар атом саласының қызметкерлері «Болашақ» халықаралық бағдарламасы арқылы шетелде білім ала алады. Ол үшін атом энергетикасы саласындағы жетекші шетелдік ұйымдарда магистратура мен докторантурада оқуға, сондай-ақ тағылымдамадан өтуге арнайы орындар бөлінеді.
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Үлкен ауылының дамуы жастарға жаңа жұмыс орындарына орналасуына және кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасайды. Сондай-ақ болашақ мамандар баспанамен қамтамасыз етіледі.