Қазақстан сутегі энергетикасы мен энергия сақтау жүйелерін дамытпақ

Құрылтай бүгін жаңартылатын энергия көздеріне қатысты өзгерістерді қарады

Қазақстан сутегі энергетикасы мен энергия сақтау жүйелерін дамытпақ
Фото: Құрылтай баспасөзі

Қазақстанда баламалы энергетиканың аясы кеңейіп, күн мен жел энергетикасымен қатар сутегі өндірісі, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату және қалдық жылуды пайдалану бағыттары дамуы мүмкін. Бұл өзгерістер «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заңның атауы мен мазмұнын қайта қарастыратын заң жобасында көзделген. Бұл туралы Құрылтай отырысында «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Сұңғат Есімханов мәлімдеді,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Оның айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты – баламалы энергетиканы дамыту арқылы елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту.

«Бүгінде елімізде электр энергиясына сұраныс артып келеді. Өнеркәсіптің дамуы мен жаңа кәсіпорындардың ашылуы қосымша энергетикалық қуаттарды қажет етеді», – деді депутат.

Есімхановтың айтуынша, электр энергиясын жинақтау жүйелерін дамытуға құқықтық негіз қалыптастыру көзделген. Бұл әсіресе ауа райына тәуелді күн және жел электр станциялары өндірген энергияны тиімді пайдалану үшін маңызды.

«Бұл күн және жел электр энергияларының жұмысы ауа райына тәуелді болғандықтан, энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңызды», – деді Есімханов.

Сондай-ақ заң жобасында электр энергиясын өндірушілер мен тұтынушылар арасында тікелей келісімшарт жасауға мүмкіндік беретін B2B тетігін дамыту қарастырылған. Депутаттың пікірінше, бұл жеке инвестиция тартуға және кәсіпорындарды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге жол ашады.

Заң жобасы аясында депутаттар электр энергиясын жинақтау жүйелерін дамытуға, көтерме электр энергиясы нарығының жұмысын жетілдіруге және нарыққа жаңадан қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін айқындауға қатысты түзетулер ұсынған.