Жөндеуге 16,8 млрд теңге бөлінген: Атырауда жуырда ашылған көпір қирап қалудың алдында тұр ма (ВИДЕО)
Көпірдің көлік жүретін тұсы ғана емес, жаяу жүргіншілер жолы да, тіпті бетон қоршау да бүлінген
Атырау қаласындағы ең ескі көпір жуырда ғана жөнделген. Бірақ соған қарамастан бел ортасынан сызат пайда болып, қирап қалудың алдында тұрғандай. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Көпірдің көлік жүретін тұсы ғана емес, жаяу жүргіншілер жолы да, тіпті бетон қоршау да бүлінген. Дәл қазіргі сәтте көпірдің қаншалықты қауіпсіз екені әрі қашан жөнделетіні белгісіз.
Айта кетерлігі, биыл маусым айында қала әкімдігінің тапсырысымен «Казсервис Групп» ЖШС орталық көпірдің жолын жөндеп, асфальтін ауыстырған. Алайда деформациялық жіктерді ауыстырмастан үстінен асфальт төсей салған. Оның салдары міне ұзаққа бармай-ақ көрініп жатыр.
Басылым мәліметінше, биыл тамыз айының ортасында құрылымдық бөлшектерді ауыстыру қажет болған. Алайда ол белгісіз мерзімге шегеріліпті. Сол сияқты деформациялық жіктерді ауыстыру да керек заттардың жеткізілмеуіне байланысты тоқтап қалған. Қала әкімдігінің мәліметінше, оған қажет материалдар Ресейдің Уфа қаласынан жеткізілмепті.
Қазіргі уақытта бір ғана деформациялық жік жеткізілген. Әзірге оның сапасы мен белгіленген талаптарға сәйкестігі белгісіз. Сол себепті тексерілетін болады. Соған байланысты қалған бес деформациялық жікті жеткізу және ауыстыру мәселесі нақтыланады.
Осылайша, көпірдің қашан толық жөнделетіні әзірге белгісіз. Деформациялық жіктерді ауыстыру және ақауларды жою жұмысы «Казсервис Групп» ЖШС-ның мойнында. Компания барлық шығынды өз қаражаты есебінен өтейді.
Айта кетейік, «Ақ Жайық» басылымы 2025 жылдың ақпанында орталық көпірді жөндеуге 16,8 млрд теңге бөлінгенін жазған.