БҚО-да полиция АИТВ жұқтырған он адамға іздеу салды

Олар ем қабылдаудан бас тартып, медициналық бақылаудан шыққан

БҚО-да полиция АИТВ жұқтырған он адамға іздеу салды
Фото: istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысында АИТВ диагнозы расталған он адам ем қабылдаудан бас тартып, дәрігерлерге қаралуды тоқтатқан. Олардың жүрген жерін анықтау үшін медицина қызметкерлері полициядан көмек сұраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Уральская неделя» басылымына сілтеме жасап.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аталған пациенттер антиретровирустық терапиядан бас тартып, медициналық бақылаудан шыққан. Қазір олардың қайда жүргенін полиция қызметкерлері анықтап жатыр.

Жалпы Батыс Қазақстан облысында АИТВ диагнозымен диспансерлік есепте 755 адам тұр.

БҚО-да АИТВ жұқтыру жағдайы азайған

2026 жылдың тоғыз айында өңірде АИТВ инфекциясын жұқтырудың 44 жаңа жағдайы тіркелген. Былтыр осы кезеңде 55 адамнан инфекция анықталған.

Вирустың негізгі таралу жолы – жыныстық қатынас. Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, жұқтыру жағдайларының 60 пайызы гетеросексуалдық, ал 13 пайызы гомосексуалдық қатынаспен байланысты.

Ведомство өңірде қан құю, стоматологиялық емдеу немесе өзге де медициналық көмек көрсету кезінде АИТВ жұқтыру деректері тіркелмегенін атап өтті.

Сондай-ақ АИТВ жұқтырған науқастар арасында қайтыс болғандар саны азайған. 2026 жылы үш адам көз жұмса, 2025 жылы төрт жағдай тіркелген.

Бес жастағы баладан АИТВ анықталды

Мамандар АИТВ жұқтырған жүкті әйелдерді де ерекше бақылауда ұстап отыр. Қазір дәрігерлердің есебінде осындай 11 әйел бар. Олардың алтауы босанған. Былтыр есепте 13 жүкті әйел болған, оның тоғызы дүниеге сәби әкелген.

Сонымен қатар 2026 жылы өңірде бес жастағы баладан АИТВ анықталған. Мамандардың мәліметінше, вирус балаға анасынан берілген.

Әйел өзінің АИТВ мәртебесін білмеген. Инфекция тек биыл емханада жоспарлы тексеруден өткен кезде анықталған.