Екі ел, ортақ өнер: Астанада Қазақстан мен Қытайдың мәдениет жылы аяқталды
Бір жыл ішінде Қазақстан мен Қытайда 40-қа жуық мәдени іс-шара ұйымдастырылды
Астанада Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы қорытындыланды. Бір жыл ішінде екі елде 40-қа жуық мәдени іс-шара өтіп, өнер мен тарихи мұраны танытатын көрмелер мен концерттер ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында екі елдің өнер шеберлерінің қатысуымен концерт өтті. Көпшілік Қазақстан мен Қытайдың бай мәдени дәстүрін танытатын тақырыптық көрмені тамашалады.
Іс-шараға мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, ҚХР-дың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Чэн Кэфань, Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев, дипломатиялық корпус өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Арман Қырықбаев екі ел арасындағы қарым-қатынастың тарихы тереңде жатқанын және халықтар достығын нығайтуда мәдениеттің орны ерекше екенін атап өтті.
«Қазақстан мен Қытай халықтарының тарихи байланысы тереңнен бастау алады. Мың жылдық тарихы бар Ұлы Жібек жолы халықтарымызды байланыстырып, сауда-саттықтың дамуына, мәдениеттердің ықпалдасуына, білім мен ғылым жетістіктерінің алмасуына зор ықпал етті. Осы ортақ тарихи бекем байланыс бүгінде халықтарымыз арасындағы достық пен мәдени диалогты нығайтудың маңызды негізіне айналып отыр», – дейді министр.
Ол өз сөзінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің достық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынасы арқасында екіжақты ынтымақтастық мүлдем жаңа мазмұнға ие болғанын тілге тиек етті.
«Биылғы мәдениеттер тоғыспалы жылы аясында халықтарымыздың бір-бірінің мәдениетіне, дәстүрі мен тарихына деген қызығушылығы арта түсті. Өнер – ұлт пен ұлтты, ел мен елді жақындастырады. Сондықтан бүгінгі Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының жабылу салтанатын белгілі бір кезеңнің аяқталуы емес, керісінше жаңа мәдени бастамаларға жол ашатын маңызды белес деп білеміз», – деді Арман Қырықбаев.

Өз кезегінде Чэн Кэфань мәдени-гуманитарлық байланысты одан әрі дамытудың маңызына тоқталды. Сөз арасында ол келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 35 жыл толатынын айтып, Қытай тарапы мәдениет, туризм, жастар саясаты, ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін жеткізді.
Жыл ішінде Қазақстан мен Қытайда 40-қа жуық мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында Чжэцзян провинциясының музейінде өткен «Ұлы дала көшпелілерінің мәдениеті» көрмесі, Алматыда Шанхай өнер коллекциясы музейімен бірлесіп ұйымдастырылған көрме, Бейжіңде Ұлттық домбыра күніне, Абай күніне және Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған іс-шаралар бар.

Мәдени орталықтардың қызметін дамыту – ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі. Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығы қытай жұртшылығын еліміздің мәдениетімен таныстырып келеді. Жыл соңына дейін Астанада Қытай мәдени орталығы ашылмақ.
Концертте Медет Шотабаев, Рухия Байдүкенова, «Бірлік» би ансамблі, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің домбырашылар ансамблі, Нинбо қалалық ән және би театрының солистері Чжао Лу мен Сюй Юнцзя өнер көрсетті.
Концерт бағдарламасында қазақ композиторы Бақытжан Байқадамов пен көрнекті қытай композиторы Сянь Синхайдың достығы айрықша орын алды. Композиторлардың шығармашылық байланысы – екі халықтың бір-біріне көрсеткен риясыз қолдауының жарқын үлгісі. Кеште осы достық тарихына арналған хореографиялық қойылым мен фотокөрме ұсынылды.

Көпшілік Қытайдың дәстүрлі өнері мен қолөнер бұйымдарын, соның ішінде Нинбо фарфорын, сәндік шамдар мен өріп жасалған қоңырауларды тамашалады.
Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы 2026 жылғы 31 наурызда Бейжіңде өткен салтанатты гала-концертпен ашылған болатын.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды.