Астана маңында жол апатына ұшыраған полицей ауруханада көз жұмды (ВИДЕО)
Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видео жарияланды
Астана маңында жол апатына ұшыраған полиция капитаны Данияр Таев бүгін аурухана төсегінде көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жол апаты 3 қараша күні Астана-Петропавл автожолында болған. Тәртіп сақшылары патруль көлігімен жол жұмысына арналған техниканы бастап бара жатқан. Дәл осы жолда JAC көлігін мінген жүргізуші жылдамдығын асырып, тым жақын жүрген.
Жол апатынан полиция қызметкері ауыр жараланып, ауруханаға жеткізілген. Өкінішке қарай дәрігерлер оны аман алып қала алған жоқ.
«Осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды. JAC автокөлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүріп жатыр. Ішкі істер министрлігінің басшылығы мен жеке құрамы қайтыс болған қызметкердің отбасы мен жақындарына көңіл айтады», – делінген облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін Астана – Петропавл тасжолында Шортанды ауылының маңында жол апаты болып, полиция қызметкерінің ауыр жараланғаны туралы хабарланған. Әлеуметтік желіде жол апаты болған орыннан түсірілген видео жарияланды.