Газдың иісінен 294 адам қайтыс болған: депутат газ қауіпсіздігіне қатысты дабыл қақты

QazaqGaz компаниясының мәліметінше, соңғы бес жылда табиғи газды пайдалану кезінде газдың иісінен 1337 адам зардап шегіп, оның 294-і қайтыс болған

Газдың иісінен 294 адам қайтыс болған: депутат газ қауіпсіздігіне қатысты дабыл қақты
Фото: ЖИ

Депутат,  «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Беғалы Ералиев Құрылтайда газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану мәселесі көтеріп, вице-премьер Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдады. Ол көппәтерлі тұрғын үйлердегі газ жабдықтарын тексеру мен техникалық қызмет көрсету тәртібін күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Депутаттың айтуынша, жылыту маусымы басталған сайын газдың иісінен улану қаупі артады. Әсіресе ескі көпқабатты үйлердегі газ жабдықтарының, түтін шығару және желдету арналарының жағдайы алаңдатады.

QazaqGaz компаниясының мәліметінше, соңғы бес жылда табиғи газды пайдалану кезінде газдың иісінен 1337 адам зардап шегіп, оның 294-і қайтыс болған.

«Әсіресе көппәтерлі тұрғын үйлердегі пәтерішілік газ жабдықтарының жай-күйі алаңдатады. Себебі бір пәтердегі газ жабдығының ақауы басқа тұрғындардың да өміріне қауіп төндіруі мүмкін», – деді Беғалы Ералиев.

Депутат газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету жүйесінде де бірқатар олқылық бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, кейбір ұйымдар тексеруді іс жүзінде жүргізбей, қағаз жүзінде рәсімдеумен шектеледі. Соған қарамастан тұрғындардан қызмет ақысы алынады.

«Мәселенің тағы бір жағы – кейбір тұрғындардың газ жабдықтарына қызмет көрсету туралы шарт жасасудан, ақы төлеуден немесе мамандарды үйіне кіргізуден бас тартуы. Ал анықталған ақауларды жою жөніндегі талаптар да орындалмай жатады. Мұндай жауапсыздықтың салдары бір пәтердің шеңберінен шығып, тұтас үй тұрғындарының өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Ең бастысы – тексерудің қағаз жүзінде жүргізілуі емес, тұрғындардың қауіпсіздігін нақты қамтамасыз ету», – деп атап өтті ол.

Осыған байланысты «Әділет» партиясының фракциясы Үкіметке үш бағыт бойынша ұсыныс жасады.

Біріншіден, газ жабдықтарына қызмет көрсететін ұйымдардың жұмыс сапасы мен тұрғындардан алынатын төлемдердің негізділігіне талдау жүргізу қажет. Сонымен қатар формалды тексерулердің алдын алып, нақты орындалған жұмыстарды растау тетіктерін күшейту ұсынылды.

Екіншіден, газ жабдықтарындағы қауіпті ақауларды уақытында жоюға, түтін шығару және желдету арналарының тексеріліп, тазалануына бақылауды күшейту керек. Сондай-ақ осы жұмыстарға жауапты тараптардың міндеттерін нақтылап, қауіпсіздік талаптарын бұзатын абоненттерге қатысты жауапкершілік шараларының тиімділігін бағалау ұсынылды.

Үшіншіден, газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету мен жүргізілген тексерулердің бірыңғай цифрлық есебін енгізу қажет. Онда атқарылған жұмыстар, анықталған ақаулар, оларды жою мерзімдері мен жауапты тұлғалар туралы ақпарат қамтылуға тиіс.