ШҚО-да Осинов асуын айналып өтетін көпір ашылды

Одан бөлек, маңайдағы 28 шақырым жол жөнделді

ШҚО-да Осинов асуын айналып өтетін көпір ашылды
Фото: ҚазАвтоЖол»

Шығыс Қазақстан облысындағы Пихтовка өзені арқылы өтетін биік көпір ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жүргізушілер осы жол арқылы енді Осинов асуының күрделі бұралаң бөлігін айналып өте алады.  Бұл асу бүгінге дейін ең проблемалы тұстардың бірі болып келді. Әсіресе қыстыгүні күрт бұрылыстар, өрлі тұстар, қалың қар мен көктайғақ, көліктердің жүруін қиындататын.

«Жаңа бағыттағы ең ірі инженерлік нысан – Пихтовка өзені арқылы салынған ұзындығы 175 метрлік көпір. Оның тау шатқалындағы биіктігі 45 метрге дейін жетеді. Көпір жеті аралық пен сегіз тіректен тұрады. Құрылысына 79 темірбетон арқалық пайдаланылған. Көпір тау бедерінің ерекшеліктеріне қарай иілген бағытта салынды», – делінген «ҚазАвтоЖол» хабарламасында.

Биіктігі 45 метрге жететін жаңа көпірден бөлек, осы маңайдағы республикалық маңызы бар «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 28 шақырымы жөнделді. Жөндеу барысында екі көпір мен 38 су өткізу құбыры салынды. Оның ішінде мал айдап өтуге арналған екі өткел бар. Компанияның мәліметінше, бұл Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарына жету жолын жылдамдатады.