Маңғыстауда облыстық аурухананың бас бухгалтері сыбайласымен бірге ондаған млн теңге ұрлаған
Екеуінің қылмысы әшкереленіп, оларға сот үкімі шықты
Маңғыстау өңірінде облыстық аурухананың бас бухгалтері ондаған миллион теңге ұрлағаны әшкереленіп, 7 жылға сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол енді 5 жылға дейін бухгалтерлікпен айналыса алмайды. Облыс прокуратурасы оның 32 млн теңгеден астам бюджет ақшасын ұрлағанын анықтады.
«Аталған іс бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен (аса ірі мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында бас есепші танысымен алдын ала сөз байласып, бюджет қаражатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың шоттарына аударып, кейін оларды қолма-қол ақшаға айналдырған. Сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді», – делінген прокуратураның хабарламасында.
Сонымен қатар, бас есепшінің сыбайласына 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді.