Астанада балабақша қызметкері ерекше балаларды үстелге байлап қойып сабаған
Қазіргі уақытта осы факті бойынша Астана қаласының Полиция департаменті тергеу жүргізіп жатыр
Астанадағы жекеменшік балабақшалардың бірінде қызметкердің ерекше балаларға күш қолданып жатқаны бейнеленген видео әлеуметтік желіде тарады. Ата-аналардың айтуынша, балаларды орындыққа байлап, басынан бірнеше рет ұрған. Оқиға бір жыл бұрын болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде тараған видеода балабақша қызметкерінің балаларға күш қолданғаны көрінеді. Оқиға елордадағы «Результат» балабақшасында болған.
Балалардың ата-аналарының бірі видеоны көргеннен кейін мекеме басшылығынан бейнебақылау камераларының жазбаларын көрсетуді талап еткенін айтады. Алайда оның сөзінше, балабақшада камералар жұмыс істемейтіні айтылған.
«Ол балалар сөйлей алмайды. Тығылып та, қашып та кете алмайды. Өздерін қорғай алмайды. Өздеріңіз ерекше балалардың қандай болатынын жақсы түсінесіздер ғой. Мұнда тек аутизм белгілері бар балалар келеді. Біз балаларымызды не үшін әкелеміз? Балабақша оларға көмектесуі қажет қой. Ал олар балаларды ұрады», - деді ата-ана.
Видео желіде тарағаннан кейін балабақша барлық камераны өшіріп тастаған көрінеді.
«Бейнебақылау камерасын көрсетіңізші деп сұрадым, ақыр соңында олар барлық камераны өшіріп тастаған. Олар бейнебақылау камерасы түсірмейтінін айтады. Қалайша ерекше балалармен жұмыс істейтін балабақшада бейнебақылау камерасы жұмыс істемейді?» – деді ата-аналардың бірі.
Астана қаласы Білім басқармасы оқиға жекеменшік балабақшада осыдан бір жыл бұрын болғанын растады.
Қазіргі уақытта осы факті бойынша Астана қаласының Полиция департаменті тергеу жүргізіп жатыр.