Мемлекеттік сатып алу: Павлодардағы колледждердің бірі компьютер мониторын 1,6 млн-ға алмақ болған
Мұндай мониторлардың негізгі бағасы 54 мың теңге шамасында
Павлодардағы оқу орындарының бірі мемлекеттік сатып алу арқылы компьютер мониторын негізгі бағадан 30 есе қымбатқа алмақ болған. Бұл уралы облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлады.
«Павлодардағы колледждердің бірі 1,6 млн теңгеге бір монитор сатып алуды жоспарлаған. Мұндай компьютер мониторының орташа бағасы 54 мың теңгені құрайды. Біздің ұсынысымыздан кейін сатып алу жоспарындағы баға 54 мың теңге деп белгіленді», - дейді қызмет өкілдері.
Оқу орны мұндай баға техникалық қателік салдарынан пайда болғанын айтқан. Сонымен қатар Баянауыл ауданындағы ауылдық округ әкімдігі 2 кеңсе компьютерін 315 мың теңгеге сатып алмақ болған. Мониторинг нәтижесінде бұл баға 215 мың теңгеге дейін төмендетілді.