Тоқаев Бельгияның королі мен патшайымын ертіп, Ұлтық музейді аралады

Олар Ұлы даланың мәдени-тарихи мұрасын паш ететін экспозициялар кеңістігін тамашалады

Тоқаев Бельгияның королі мен патшайымын ертіп, Ұлтық музейді аралады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген король Филиппен және патшайым Матильдамен бірге Ұлттық музейді аралады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметінше, мәртебелі меймандар музей кешенінің сәулеттік ерекшеліктерін және Ұлы даланың мәдени-тарихи мұрасын паш ететін экспозициялар кеңістігін тамашалады.

Әсіресе, бірегей археологиялық қазбалар, ежелгі зергерлік өнер үлгілері, соның ішінде Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» мен Берел, Талды-2, Тақсай, Шілікті обаларынан шыққан алтын бұйымдар қойылған Алтын залына ерекше назар аударылды.

«Этнография залында қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен, тұрмысымен, материалдық және рухани мәдениетімен танысты. Сондай-ақ бельгиялық суретші Джеймс Энсор шығармаларының көрмесі ұсынылды. Бельгиялықтар королі мен патшайымы құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды», – делінген Ақорданың хабарламасында.