Қазақстанда «Яндекс» сервистері неге істемей қалғаны белгілі болды

Министрлік серверлер Қазақстанда орналасқанымен, кейбір сервистердің компоненттері шетелде екенін мәлімдеді

Қазақстанда «Яндекс» сервистері неге істемей қалғаны белгілі болды
Фото: istockphoto.com

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «Яндекс» сервистерінің жұмысына қатысты жағдайға түсініктеме берді, деп  хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоға сілтеме жасап.

«Яндекс» сервистерінің жұмысындағы іркілістер азаматтардың күнделікті пайдаланатын цифрлық платформалардың сенімділігіне қатысты орынды сұрақтар туғызды. Қазақстандық пайдаланушылардың жеке деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқан және штаттық режимде жұмыс істеп тұр», – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Министрлік серверлердің Қазақстанда орналасуы бүкіл платформаның ел ішінде толық автономды жұмыс істейтінін білдірмейтінін атап өтті. Такси және жеткізу қызметтерін көрсетуге қажетті кейбір компоненттер Қазақстаннан тыс жерде орналасқан.

Ведомствоның мәліметінше, сервистердің үздіксіз жұмыс істеуі пайдаланушылар үшін аса маңызды. Сондықтан деректерді ел аумағында сақтау мен цифрлық платформалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету – кешенді шешімді қажет ететін екі бөлек міндет.

Қазір «Яндекс» сервистердің жұмысын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Министрлік компаниямен және қазақстандық инфрақұрылым ұйымдарымен бірлесіп, қажетті қолдау көрсетуде. Сонымен қатар жүктеме артқан жағдайда олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін басқа такси және жеткізу платформаларымен де жұмыс жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, жексенбі күні Қазақстанда «Яндекс» сервистерінің курьерлер мен такси жүргізушілеріне арналған қызметтері қолжетімсіз болды. «Яндекс Go» баспасөз қызметі техникалық мамандардың сервистерді қалпына келтірумен айналысып жатқанын хабарлаған.

Бұған дейін Ресейдегі «Яндекс» деректер орталығына жасалған жаңа шабуылдан кейін Мәскеу мен Санкт-Петербургті қоса алғанда, Ресейдің ірі қалаларында такси шақыру мүмкін болмай қалғаны хабарланған еді. Қосымшаның жұмысында Беларусь пен Арменияда да ақаулар байқалған.

Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, дрондар «Яндекстің» Владимирдегі, Рязань облысындағы және Калугадағы деректер орталығы инфрақұрылымына шабуыл жасаған.