Яндекс Go сервисі уақытша істен шықты: компания ресми мәлімдеме жасады
Компания өкілдері техникалық ақауларға байланысты пайдаланушылар мен жүргізушілерден кешірім сұрады
Қазақстанда Яндекс Go сервисінің жұмысында қайтадан іркілістер тіркелді. Компания өкілдері техникалық ақауларға байланысты пайдаланушылар мен жүргізушілерден кешірім сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана, Алматы және Ақтөбе тұрғындары 9 қазаннан бастап такси тапсырыс беруде қиындықтарға тап болған еді. Ал 11 қазан күні Яндекс Go сервистерінің қайтадан уақытша қолжетімсіз болғаны белгілі болды.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, техникалық мамандар жүйені қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, алайда сервистің толық іске қосылатын уақыты әзірге белгісіз. Сондай-ақ компания қазақстандықтардың жеке деректері заң талаптарына сәйкес ел аумағындағы серверлерде сақталатынын, бірақ инфрақұрылымның бірнеше мемлекетте орналасуына байланысты сыртқы ақаулар қызмет жұмысына әсер етуі мүмкін екенін хабарлады.
Техникалық ақаулар көршілес Ресейдегі дата-орталықтарда болған оқиғалармен тұспа-тұс келді. 8 қазанда Рязань облысының Сасово қаласындағы дата-орталықта дрон шабуылынан кейін өрт шықса, 9 қазанда Калугадағы нысанның жабдықтары ұшқышсыз аппараттардың соққысынан зақымданған. Оқиғалардан кейін сервис жұмысына қатысты 2,9 мыңнан астам шағым түсті. Ақаулар жолаушылармен қатар, Яндекс Про жүйесін пайдаланатын жүргізушілер мен курьерлердің де жұмысына кедергі келтірді. Алайда компания дата-орталықтардағы оқиғалар мен Қазақстандағы техникалық ақаулар арасында тікелей байланыс бар екенін әзірге ресми растаған жоқ.