Жәйремде ішімдік ішіп рөлге отырған жүргізуші қамалды
Тексеру барысында жүргізушінің 2023 жылы сот шешімімен жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды
Ұлытау облысына қарасты Жәйрем кентінде көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші ұсталды. Куәлігі жоқ азамат қайтадан тәртіп бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Патрульдік полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар барысында «Нива» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Тексеру барысында жүргізушінің 2023 жылы сот шешімімен жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Сонымен қатар медициналық куәландыру оның алкогольдік ішімдік тұтынғанын растады.
Куәлігінен айырылғанына қарамастан, қайтадан мас болып рөлге отырған тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.