Шымкенттегі концертте адам қаза тапты деген ақпарат жалған болып шықты
Әлеуметтік желілерде Шымкент қаласында өткен танымал әнші Қайрат Нұртастың концерті кезінде жаппай адам қаза тапты деген жалған мәліметтер тарап жатыр
Әлеуметтік желілерде Шымкент қаласында өткен танымал әнші Қайрат Нұртастың концерті кезінде жаппай адам қаза тапты деген жалған мәліметтер тарап жатыр. Құзырлы органдар бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығына сілтеме жасап.
Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен концерттен кейін қоғамда негізсіз дүрбелең тудырған хабарламалар көбейді. Алайда ресми деректер мүлде басқа жағдайды көрсетеді.
Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, іс-шара кезінде 8 адам медициналық көмекке жүгінген. Тексеруден кейін олардың басым бөлігі үйлеріне жіберілді. Ал жарақат алған 18 жастағы бойжеткен ауруханаға жеткізіліп, қазір дәрігерлердің бақылауында.
Қауіпсіздік талаптарының сақталмауы мен қызмет көрсету тәртібінің бұзылуына байланысты полиция қылмыстық іс тіркеді. Іс-шараны ұйымдастырған тұлғалар полиция бөліміне жеткізіліп, олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілуде. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы мен құқық қорғау органдары азаматтарды расталмаған деректерді таратпауға шақырады.