Ақмола облысында жер конкурсын заңсыз өткізген әкім жазаланды

Жоба аясында 10 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген еді

Ақмола облысында жер конкурсын заңсыз өткізген әкім жазаланды
Фото: © istockphoto.com

Ақмола облысында ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға кедергі келтірген заңбұзушылық анықталды. Жергілікті шенеунік заңсыз әрекеті үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Біржан сал ауданында инвестор 600 миллион теңге көлемінде жеке қаражат жұмсап, мал бордақылау алаңын салуды жоспарлаған. Жоба аясында 10 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген еді.

Алайда кәсіпорын жер телімін алу кезінде конкурс нәтижелеріне қатысты заңбұзушылыққа тап болды. Үлгі ауылдық округінің әкімі қатысушылардың біріне мемлекеттік тіркеу деректеріне сәйкес келмейтін мекенжай анықтамасын берген. Жер комиссиясы осы құжат негізінде оған артық балл беріп, нәтижесінде инвестордың заңды құқықтары бұзылған.

Аудан прокуратурасы кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактісі бойынша шара қабылдады. Ауылдық округ әкімі ҚР ӘҚБтК-нің 173-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар сот заңсыз өткізілген конкурстың нәтижелерін толықтай жойды.

Қазіргі уақытта прокуратура 600 миллион теңгелік жобаны жүзеге асыру үшін инвесторға жер телімін бөлу мәселесін өз бақылауына алды.