«Тарихи мәнге ие»: Тоқаев Оман сұлтанымен әуежай залында аз-кем әңгімелесті
Сапар аясында жоғары деңгейде келіссөздер жүргізу жоспарланған
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидпен әуежай залында аз-кем әңгімелесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорданың мәліметіне сүйенсек, мемлекет басшысы екіжақты қарым-қатынасты дамыту тұрғысынан Оман сұлтанының сапары тарихи мәнге ие екенін атап өтті.
«Оман Сұлтандығы экономикасын ілгерілетуде зор табысқа жеткен, халықаралық аренада өте белсенді әрі конструктивті дәнекер мемлекет ретінде белгілі. Еліңіздің өз аймағында, одан тысқары жерлерде, соның ішінде Қазақстанда да беделі биік. Мемлекеттеріміз арасындағы серіктестіктің әлеуеті зор екеніне сенімдімін. Алдымызда ынтымақтастық аясын мейлінше кеңейту міндеті тұр», – деді президент.
Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, ертеңгі келіссөздердің мазмұнды әрі жемісті өтетініне сенім білдірді.
Сапар аясында жоғары деңгейде келіссөздер жүргізу, бірқатар маңызды құжатқа қол қою, сондай-ақ мемлекеттер басшыларының қазақ-оман бизнес форумына қатысуы жоспарланған.