«Ұстаз айтса»: 25 мың педагог білім сапасын арттыру бойынша ұсыныстарын жеткізді
Педагогтерден түскен ұсыныстар жүйеленіп, одан әрі пысықтау және нақты жұмыс барысында қарау үшін бағытталады
Қазақстандағы 250 мектепте еңбек ететін 25 мыңға жуық педагог «Ұстаз айтса» республикалық диалог алаңы аясында білім сапасын арттыруға қатысты өз ұсыныстарын тікелей жеткізді. «Әділет» партиясының бұл жобасы Ұстаздар күніне орай ұйымдастырылды. Негізгі кездесу елордадағы №101 мектептің педагогикалық ұжымымен өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Диалог алаңының негізгі мақсаты – педагогтердің пікірлерін тыңдап, білім беру жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған нақты ұсыныстарын жинау.
Бүгін Ұстаздар күніне орай сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің тек білім беруде ғана емес, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі ерекше рөлін атап өтті.
«Көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, заңға бағынатын адал азаматтар ең алдымен мектептегі мұғалімнен тәлім алады», – деді президент.
Педагог мәртебесін жүйелі түрде арттыру – білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. 2019 жылдан бері «Педагог мәртебесі туралы» заң қолданыста, мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті, сондай-ақ педагогтерді өзіне тән емес міндеттерге тартудан қорғау заңнамалық тұрғыда бекітілді. Сонымен қатар мектеп инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында еліміздің барлық өңірінде 460 мыңнан астам оқушы орнына арналған 217 мектеп салынып, пайдалануға берілді.
Осы жұмысты жалғастыру және білім беру сапасын одан әрі дамыту мәселелері Астанада өткен «Ұстаз айтса» кездесуінің негізгі тақырыбына айналды. Іс-шараға Құрылтай депутаттары, «Әділет» партиясы фракциясының мүшелері Асхат Аймағамбетов, Жарқынбек Амантай, Ләззат Жылқыбаева, «Әділет» партиясы Төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев, Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов, елордалық ұстаздар мен білім беру саласының өкілдері қатысты.
Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, партия педагог мәртебесін арттыруға және олардың кәсіби құқықтарын қорғауға бағытталған шараларды қолдауды жалғастырады. Бұл ретте білім беру саласына қатысты шешімдерді талқылау кезінде мұғалімдердің тікелей қатысуын қамтамасыз ету маңызды қағидаттардың бірі болуға тиіс. Сонымен қатар партия бағдарламасында 2031 жылға қарай өндірістік ортада білім алатын студенттердің үлесін кемінде 45 пайызға жеткізу міндеті белгіленген.
«Педагогтерді қолдау туралы айтып қана қоймай, олардың пікірін тыңдап, нақты ұсыныстарын ескеру маңызды. Сонымен қатар жастардың оқу кезінде кәсіби тәжірибе жинақтауы үшін білім мен практиканың байланысын күшейту қажет. Мемлекет басшысының білім мен ғылымды дамыту саясатын қолдай отырып, «Әділет» партиясы осы міндеттердің жүзеге асуына атсалысады», – деді Ержан Жылқыбаев.
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов педагогтердің кәсіби құқықтарын қорғау және олардың мәртебесін одан әрі арттыру мәселелеріне жеке тоқталды. Ол бұл жұмысты мұғалімдердің өздері көтеріп отырған мәселелер мен ұсыныстарды ескере отырып жалғастыру қажет екенін атап өтті.
Кездесудің негізгі бөлігі педагогтермен тікелей пікір алмасуға арналды. №101 мектептің мұғалімдері балаларды оқыту мен тәрбиелеу, жаңа технологияларды пайдалану, сыни ойлауды дамыту және оқушылардың қабілетін ашу мәселелері бойынша өз ұсыныстары мен тәжірибелерімен бөлісті.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Шауенова оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту, ұлттық және рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Математика пәнінің мұғалімі Салтанат Шаден сабаққа дайындық кезінде және оқу материалдарын әзірлеуде жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды пайдалану тәжірибесімен бөлісті. Информатика пәнінің мұғалімі Жаннұр Ержанова оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру және олардың жеке қабілеттерін ашу тәсілдерін ұсынды. Бастауыш сынып мұғалімі Гүлсара Оспанова мектептің алғашқы жылдарынан бастап оқыту мен тәрбиені ұштастыру мәселесін көтерді. Ал география пәнінің мұғалімі Нұрбек Ерікұлы мұғалімнің қоғамдағы рөлі, педагог мәртебесі және заманауи ұстаздың кәсіби болмысына қатысты пікірін білдірді.
Еліміздің 250 мектебінде өткен «Ұстаз айтса» кездесулері барысында педагогтерден түскен ұсыныстар жүйеленіп, одан әрі пысықтау және нақты жұмыс барысында қарау үшін бағытталады.
Іс-шараның қорытындысында білім беру саласына қосқан үлесі мен кәсіби қызметіндегі еңбегі үшін педагогтерке «Әділет» партиясының және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің алғыс хаттары табысталды.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» ауқымды республикалық жобасын қолдау мақсатында Астана қаласындағы №101 жалпы орта білім беретін мектеп кітапханасына партия Төрағасының атынан түрлі жанрдағы кітаптар сыйға тартылды.