Коронавирусқа қарсы вакцина Қазақстанда алдымен қандай топтағы адамдарға егіледі
Бұл сұраққа Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова жауап берді
Егер Қазақстанның немесе басқа елдің коронавирусқа қарсы жасап жатқан вакциналары сынақтың барлық фазаларынан сәтті өтсе және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рұқсатын алса, біздің елімізде ең алдымен, созылмалы сырқаты бар адамдар егіледі. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова мәлім етті.
Бюрабекованың айтуынша, қазір вакцина жасап жатқан өндірушілердің бірнешеуі ғана клиникалық сынақтың үшінші сатысына өткен. Айта кетейік, бұған дейін Azattyq Rýhy жазғандай, қазақ ғалымдары ойлап тапқан вакцина әзірге адамдар арасынан вакцинаны ойлап тапқан институттың жеті қызметкеріне егіліп, қазір жануарлар сынақтан өтіп жатыр. Институт клиникалық сынақтардың I/II фазасында жүр.
«Қазір Денсаулық сақтау министрлігі Сыртқы істер министрлігімен бірге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен коронавирус инфекциясына қарсы әзірленіп жатқан вакциналардың біреуін алу туралы келісім жасау мәселесін пысықтап жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігі халықтың қанша пайызын вакциналау керек деген есеп жасадық. Әзірге халықтың 15%-ы екпе алуы керек деген есеп бар, бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен жасайтын келісімде халықтың пайыздық үлесін 20%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Демек, ең алдымен, созылмалы ауруы бар адамдар тобы егіледі. Біздің статистикамызға қарасақ, қант диабеті, қан қысымы, жүректің ишемиялық ауруы бар адамдар коронавируспен қатты ауырып, пневмонияны асқындырып алады. Сондықтан, вакцина салар кезде ең алдымен, осы топтағы науқастарға егеміз», - деп түсіндірді Бюрабекова.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан