Шымкентте теміржол үстінен көлік қатынайтын жаңа өткел ашылды

Бұл учаске арқылы тәулігіне орта есеппен 59 пойыз өтеді

Шымкентте теміржол үстінен көлік қатынайтын жаңа өткел ашылды
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкентте Тіленшин көшесіндегі теміржолдың үстінен салынған жаңа автокөлік өткелі техникалық тұрғыда іске қосылып, көлік қозғалысы ашылды. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, мемлекет басшысының Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Момынов және Тіленшин көшелеріндегі өткелдердің негізгі құрылысы өткен жылы басталған. Жобалар қаланың аудандары арасындағы байланысты күшейтуге, көлік қатынасын жақсартуға және қозғалысқа қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.

Өткел теміржолдағы пойыз қозғалысының жоғары қарқындылығына байланысты ерекше маңызды. Бұл учаске арқылы тәулігіне орта есеппен 59 пойыз өтеді. Соның салдарынан теміржол өткелі 10-20 минутқа жабылып, көлік кептелісін туындатып, жол жүру уақытын ұлғайтатын.

Жаңа нысан автомобиль және теміржол қозғалысын бір-бірінен бөліп, көліктің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етеді.

Жаңа жол өткелі – биыл пайдалануға берілген екінші нысан. Қаңтар айында Момынов көшесіндегі автокөлік өткелі ашылған болатын. Екі нысан да автокөлік жолдары мен теміржол желілері қиылысатын учаскелердегі көлік қатынасын жақсартуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Бұл ретте жаңа өткелдер көлік ағынын реттеп, теміржол желісі арқылы өтетін учаскелердегі кептеліс пен жол жүру уақытын азайтуға мүмкіндік береді.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, көлік инфрақұрылымын дамыту Шымкенттің даму қарқынына сай жүргізіліп, қаланың әр ауданындағы тұрғындардың қажеттіліктерін ескеруі тиіс.

Тіленшин көшесіндегі жол өткелі ашылғаннан кейін оның айналасындағы аумақты абаттандыру жұмысы жалғасады. Бұл ретте жол өткеліне іргелес аумақтағы жол жиегін ретке келтіру, жаяу жүргіншілер үшін қолайлы жағдай жасау және аумақтың жалпы көрінісін жақсарту жұмыстары жүргізіледі. Жол өткелінің іске қосылуы іргелес көшелердегі қозғалыс жағдайын жақсартуға, теміржолдан өтудегі қауіпсіздікті арттыруға және қала тұрғындарының жол жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа нысан осы аумақтағы көлік ағынын тиімді ұйымдастырып, тұрғындардың күнделікті қатынауын жеңілдетуге ықпал етеді.