Тоқаев Дүниежүзілік олимпиадада екінші орын алған қазақтың шахматшы қыздарын құттықтады
Отандастарымыз әлемдегі ең мықты, әйгілі команда – Қытай құрамасына ғана есе жіберді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында екінші орын алған қазақтың шахматшы қыздарын құттықтады. Бұл туралы президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Отандастарымыз әлемдегі ең мықты, әйгілі команда – Қытай құрамасына ғана есе жіберіп, үлкен нәтиже көрсетті.
«Президент құттықтауында даңқты шахматшы Бибісара Асаубаева бастап барған Қазақстан құрамасы беделді турнирдің бірде-бір ойынында жеңілмегенін атап өтті. Мұны шахмат сарапшылары үлкен жетістік ретінде бағалап отыр. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев біздің шахмат шеберлері өткен олимпиададағы табысты жолын жалғастырғанына назар аударды. Қазақстан командасы сол кезде де екінші орынға табан тіреген еді. Бұл спортшыларымыздың деңгейі биік, талантты, еңбекқор екенін, сондай-ақ отаншылдықты нақты іспен дәлелдей алатынын көрсетеді», – делінген жазбада.
Мемлекет басшысы шахматшы аруларымызға толайым табыс, зор денсаулық және бақ-береке тіледі.