252 адам, 37 сүңгуір, 14 кеме мен 4 тікұшақ: Каспий түбіне кеткен екі сарбаз әлі табылған жоқ (ФОТО)

Автор: Асыл Арман

Каспийде суға кеткен сарбаздарды тәулік бойы іздеп жатыр

Фото: Қорғаныс министрлігі

Каспий теңізінде суға кеткен қалған сарбаздарды іздеу-құтқару жұмысы тәулік бойы жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, құрылған жедел штабтың құрамында Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері бар.

«Ауқымды іздестіру-құтқару операциясына 252 әскери қызметші мен қызметкер, 34 бірлік арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер, сондай-ақ 4 тікұшақпен бірге, 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылды. Қазіргі уақытта су айдыны, жағалау аймағы және оған іргелес аумақтар әуеден бақыланып, тексеріліп жатыр. Сарбаздардың қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен құрылған Үкіметтік комиссия оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр. Қаза болғандардың отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге қажетті материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі», – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Айта кетейік, Каспий теңізінде оқу-жаттығу барысында ауа райы бұзылып, 17 сарбаз суға кеткен. Өкініштісі, олардың арасында 12 әскери қаза тауып, 3-еуі ғана құтқарылды. Қазіргі уақытта қалған сарбаздарды іздеу жұмысы жүріп жатыр. Оқиғаға байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу барысын ерекше бақылауына алды. Қорғаныс министрлігі көп ұзамай қаза тапқан сарбаздардың аты-жөнін жариялады. Қаза болған сарбаздардың отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні белгілі болды.