Маңғыстаудағы қайғылы жағдайға байланысты Үкіметтік комиссия тергеуді бастады

Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, Үкіметтік комиссия тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр

Маңғыстаудағы қайғылы жағдайға байланысты Үкіметтік комиссия тергеуді бастады
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

 Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев төрағалық етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

24 қыркүйекте сағат 22:30-да өткен отырыста оқиғаның мән-жайы, тергеу барысы және қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көрсетілетін көмек мәселелері қаралды.

Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовтің баяндауынша, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі – «Қызметке салғырт қарау, ауыр зардаптарға әкеп соққан» және 465-бабы – «Кеме жүргізу қағидаларын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Оған қажетті мамандар тартылып, сот сараптамалары тағайындалған.

Қанат Бозымбаев оқиғаның барлық мән-жайын қысқа мерзімде толық анықтап, қайғылы жағдайға жауапты адамдарға қатысты шара қабылдауды тапсырды.

Жиында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына ерекше назар аударылды. Премьер-Министрдің орынбасары мемлекет оларға қажетті әлеуметтік және материалдық қолдау көрсететінін атап өтті.

«Заң бойынша берілетін материалдық көмектен бөлек, көмек көрсеткісі келетін азаматтардан да көптеген өтініш түсіп жатыр. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсететінін мәлімдеді. Олардың бірі қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына 25 миллион теңгеден көмек бөлді. Бірқатар ірі бизнес өкілдері де материалдық көмек көрсеткісі келетінін білдірді», – деді Қанат Бозымбаев.

Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына бағытталатын барлық қаражаттың бөлінуін ашық әрі бақылауда ұстауды тапсырды. Көмек әр отбасына атаулы түрде және толық көлемде көрсетілуі тиіс.

Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың айтуынша, оқиғадан кейін медициналық мекемеге жеткізілген әскери қызметшінің жағдайы тұрақты. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Үкіметтік комиссияның отырысына Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктері басшыларының орынбасарлары, ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары, Бас әскери прокурор және Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысты.

Үкіметтік комиссияның жұмысы жалғасып жатыр.

Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде не болды

24 қыркүйекте Маңғыстау облысының Каспий теңізі жағалауында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілерді теңіз ағызып әкеткен. Алғашқы ақпарат бойынша, теңізге 19 әскери қызметші түскен, олардың тоғызы қаза болған. Үшеуі құтқарылып, олардың біреуі ауруханаға жеткізілген.

Кейін нақтыланған мәлімет бойынша, оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты теңізге 17 әскери қызметші кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Тағы екі әскери қызметшінің орналасқан жері анықталған жоқ, оларды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Қазақстанның Бас прокуратурасы Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Оперативтік-тергеу тобы құрылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалған. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеу үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссияға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етеді.

25 қыркүйекте Қазақстанда Маңғыстау облысының Каспий теңізі жағалауында 24 қыркүйекте Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Қазақстан Қорғаныс министрлігі 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілерінің тізімін жариялады.

Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Ғаджи Ғаджиев пен Шахмұрат Мүтәліп, сондай-ақ қазақстандық продюсер әрі кәсіпкер Алмас Жәли материалдық көмек көрсететінін мәлімдеді.