«Жағдайлары мәз емес»: Маңғыстау әкімі балықтан уланған төрт адамды Астанадан дәрігерлер келіп қарайтынын айтты

Бұл жағдай 17 қыркүйекте болған 

«Жағдайлары мәз емес»: Маңғыстау әкімі балықтан уланған төрт адамды Астанадан дәрігерлер келіп қарайтынын айтты
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Rýhy

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай үй жағдайында дайындалған ысталған балықтан уланып, ауыр халде жатқан 9 жастағы Бекарыс Қанатбайды Астанадан келген мамандар қарайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда балаға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Дәрігерлер Астанадағы мамандармен онлайн кеңесіп отырған.

«Болған жағдайды естідім. Осы айдың 17-сі күні болған жағдай. Үш ересек, бір баланың балықтан уланғаны айтылып жатыр. Үш ересек азамат 20-шағынауданда облыстық ауруханада, ал бала балалар ауруханасында жатыр. Жағдайлары мәз емес дейді дәрігерлер. Емнің барлығын жасап жатыр. Астанамен онлайн консультацияда отыр. Дей тұрғанмен ата-аналардың өтінішінде Астанадан дәрігерлер келіп қарасын деген мәселені көтерді. 2016 жылы туған бала. Қазір бір инфекционист пен бір реаниматолог Астанадан Ақтауға ұшқалы жатыр. Бекарысқа тезірек сауығып кетуін тілейміз!» – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Осыған дейін Бекарыстың туыстары облыс әкіміне және облыстық денсаулық сақтау басқармасына БАҚ арқылы видеоүндеу жасап, баланың жағдайына байланысты көмек сұраған. Олардың айтуынша, 9 жастағы Бекарыс төртінші күн қатарынан ауыр халде жатыр. Баланың жағдайында әзірге айтарлықтай оң өзгеріс байқалмаған. Туыстары Ақтауға республикалық деңгейдегі мамандарды жіберуді, оның ішінде реаниматолог, балалар нефрологы, инфекционист және басқа да бейінді дәрігерлердің баланы өз көздерімен қарап, әрі қарайғы емдеу тактикасын анықтауын сұраған.

«Балаға толыққанды медициналық көмек көрсету қажет деп санаймыз. Жоғары білікті мамандардың кеңесі керек», – деді олар видеоүндеуінде.

Туыстарының сөзінше, бұған дейін денсаулық сақтау басқармасына жүгінген кезде Астанадағы мамандар жергілікті дәрігерлерге онлайн кеңес беріп, емдеу бойынша ұсынымдар жіберіп отырғаны айтылған. Алайда баланың жақындары мамандардың Ақтауға келіп, оның жағдайын тікелей назарда ұстауын сұраған. Сонымен қатар олар баланы толық тексеріп, консилиум өткізуді және қажет болған жағдайда оны санитарлық авиациямен Астанаға жеткізу мүмкіндігін қарастыруды өтінген.

Туыстарының видеоүндеуінде дәл осындай улану белгілерімен бүгін тағы 5 жастағы баланың ауруханаға түскені де айтылды.

Еске салайық, Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында үй жағдайында дайындалған ысталған балықты жеген бірнеше адам ауруханаға түскен. Үш ересек адам мен 9 жастағы балаға ауыр ботулизм диагнозы қойылған. Науқастардың барлығы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылып, оларға ботулизмге қарсы сарысу енгізілген.