Мұнайлыда 4 адам ысталған балық жеп, жансақтау бөліміне түсті
Арасында 9 жастағы бала бар
Маңғыстау облысында 4 адам тамақтан уланып ауруханаға түсті. Олар отбасылық кеште ысталған балық жеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada-ға сілтеме жасап.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадырдың айтуынша, зардап шеккен үш ересек адам Мұнайлы ауданынан. Олар облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Сонымен қатар 9 жас 10 айлық бала облыстық балалар көпбейінді ауруханасының инфекциялық бөліміне жатқызылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, науқастардың барлығы үйде жасалған ысталған балықты жеген. Балық тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған. Зардап шеккендер тағам 17 қыркүйек күні сағат 20:00-21:00 шамасында отбасылық кеште тұтынған. Аурудың алғашқы белгілері 18 қыркүйек кешке байқалған, ал медициналық көмекке бір күннен кейін ғана жүгінген.
«Олар үйде жатқанда бірнеше рет құсқан. Аурухана ауыр жағдайда жетті. Негізгі белгілердің қатарында әлсіздік, бас айналу, жұтына алмай, көру қабілетінің бұзылуы, тамақтың құрғауы мен жыбырлауы, көздің бұлдырауы, сондай-ақ сана бұзылыстары болды», – дейді Марал Қадыр.
Қазір төрт науқастың да жағдайы ауыр. Олар өкпені жасанды желдету аппаратымен демалып жатыр. Науқастарға тиісті ем көрсетіліп, ботулизмге қарсы сарысу салынған.
Маңғыстау облысының денсаулық сақтау мамандары тұрғындарды тамақ өнімдерін дайындау және сақтау кезінде санитарлық талаптарды сақтауға шақырды. Сондай-ақ өнімдерді тек қауіпсіз жерден сатып алып, рұқсат етілмеген сауда орындарынан азық-түлік алмауға кеңес берді.