«Кең Дала 2»: Қарағанды облысында 300 млн теңгені жымқырған кәсіпкер ұсталды (ВИДЕО)

Ақшаны «Аграрлық несие корпорациясы» берген

«Кең Дала 2»: Қарағанды облысында 300 млн теңгені жымқырған кәсіпкер ұсталды (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Қарағанды облысында егін егіп, ауыл шаруашылығы техникасын аламын деген желеумен «Аграрлық несие корпорациясынан» 300 млн теңге алған кәсіпкер ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметіне сүйенсек, кәсіпкер бұл қаржыны «Кең Дала 2» мемлекеттік бағдарламасы арқылы алған.

«Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысындағы департаменті «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінген несие қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. 2025 жылғы мамырда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы мен «Рашан» ЖШС арасында айналым қаражатын толықтыру үшін қарыз беру туралы шарт жасалған. Шарт бойынша міндеттемелердің орындалуына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кепілдік берген», - деп хабарлайды ҚМА.

Осы шартқа сәйкес, корпорация «Рашан» компаниясының шотына 300 млн теңге несие аударған. Компания бұл ақшаны тағы екі компанияның есепшотына аударған.  Соның ішінде, 148 млн теңгеге жуық қаражат тұқым сатып алуға, тағы 152 млн теңге ауыл шаруашылығы техникасын жалға алуға бөлінгендей болған.

«Алайда іс жүзінде компания тұқым сатып алмаған, техниканы да жалға алмаған. Ал несие алу үшін құжатын ұсынған жер теліміне ауыл шаруашылығы дақылдары егілмеген», - деп хабарлайды ҚМА.

Қазір тергеуге сай, «Рашан» компаниясының директоры күдікті деп танылған. Сот оның мүлкіне санкция салған. Тергеу жалғасып жатыр.