Астанада жаппай төбелеске қатысқандар қамауға алынып, айыппұл төледі
Төрт адам 15 тәулікке қамалса, тағы екеуіне 129 мың теңгеден айыппұл салынды
Астанадағы жаппай төбелеске қатысқан төрт адам 15 тәулікке қамауға алынды, тағы екеуіне айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
18 қыркүйекте Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 17 қыркүйек күні кешке болған жанжалға қатысқан алты адамның ісін қарады.
Іс материалдарына сәйкес, сағат 19:00 шамасында екі топ арасында жанжал туындап, соңы жаппай жанжал мен төбелеске ұласқан. Оқиға кезінде шу мен айқай болған. «102» арнасына хабарлама түскенімен, полиция келген кезде төбелес әлі жалғасып жатқан.
Полиция қызметкерлері заңды талап қойып, құқыққа қайшы әрекеттерді тоқтатуды және олардың талаптарына бағынуды сұраған. Алайда қатысушылар тәртіп сақшыларының талабын орындамаған. Осыған байланысты алты адамның бәріне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін хаттама толтырылды.
Сотта алтауы да кінәсін мойындады. Олардың құқық бұзушылық жасағанын процеске қатысушылардың түсініктемелері, полиция қызметкерлерінің рапорттары және бейнежазбалар растаған. Алты адамның бесеуі алкогольдік ішімдік ішкен күйде болған.
Сот П., А., Д. және И. есімді азаматтардың әрқайсысына 15 тәуліктен әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады. Ал Е. мен К.-ға 30 АЕК мөлшерінде, яғни әрқайсысына 129 750 теңге айыппұл салынды.
Жаза тағайындау кезінде сот әр адамның жанжалға қатысу деңгейін, жеке басына қатысты мәліметтерді, оның ішінде кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескерді.
Сот қаулылары әзірге заңды күшіне енген жоқ.