Өскеменде Ninety One тобы өнер көрсеткен мерекелік іс-шарада ондаған бала жоғалып кеткен

Қала күніне арналған ауқымды мерекелік іс-шараларға облыс орталығының 120 мыңнан астам тұрғыны мен қонағы жиналған

Өскеменде Ninety One тобы өнер көрсеткен мерекелік іс-шарада ондаған бала жоғалып кеткен
Фото: ШҚО ПД/Видеодан скрин

Өскеменде қала күнін мерекелеу кезінде 50-ден астам бала ата-анасынан адасып қалған. Полиция қызметкерлері оларды тауып, ата-аналарына тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ШҚО ПД-ға сілтеме жасап.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, Өскеменде қала күніне арналған ауқымды мерекелік іс-шараларға облыс орталығының 120 мыңнан астам тұрғыны мен қонағы жиналған.

Мерекелік бағдарламада қазақстандық өнерпаздармен қатар, Ninety One тобы мен ресейлік «Краски» тобы өнер көрсеткен концерт және үлкен отшашу ұйымдастырылды.

«Адамдар рекордтық деңгейде көп жиналған кезде құқық қорғау органдарының басты міндеті қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету болды. Көшелерде, алаңдарда және демалыс орындарында полиция қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, құтқарушылар мен медицина бригадалары бірлесіп кезекшілік атқарды», – деп хабарлады ШҚО ПД.

Ведомство өкілдері заманауи технологиялардың да құқық қорғау қызметкерлеріне айтарлықтай көмек көрсеткенін атап өтті. Жағдайды бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылған. Дрондар әуеден үздіксіз мониторинг жүргізіп, мерекелік іс-шаралар өтіп жатқан аумақтағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға және кез келген өзгеріске жедел әрекет етуге мүмкіндік берген.

Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Мерекелік шараға жиналған халықтың көптігінен 50-ден астам бала ата-анасынан уақытша адасып қалған.

Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында барлық бала тез арада табылып, ата-аналарына тапсырылды.

«Қызметтердің нақты үйлесімді жұмысының арқасында Өскемендегі ауқымды мереке жоғары деңгейде ұйымдастырылып, елеулі оқиғалар мен келеңсіз жағдайларсыз өтті. Бұл қала тұрғындарына алаңсыз демалып, мерекенің шынайы көңіл күйін сезінуге мүмкіндік берді», – деп атап өтті ведомство.