Ақмола облысында экс-әскери қызметкер бұрынғы жұмысынан 1,8 млн теңге өтемақы өндіріп алды
Ақмола гарнизонының әскери соты әскери қызметшінің талабын ішінара қанағаттандырды
Ақмола гарнизонының әскери соты қызметінен босатылған әскери қызметшінің пайдасына ақша мен әскери мүлікті өндіріп алу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Әскери сотының ресми Telegram-арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Ақмола гарнизонының әскери соты әскери қызметшінің «Авиациялық қызмет» республикалық мемлекеттік мекемесіне қатысты қаражат өндіру, әскери мүлікті беру және өтемақы төлеу туралы талап арызын қараған.
Талап қоюшы 2025 жылы әскери қызметтен босатылған. Қызметтен кеткен кезде оған тиесілі төлемдердің бір бөлігі ұсталып қалған. Сонымен қатар оған өтемақы төленбей, әскери киім-кешек те берілмеген.
Іс материалдарын зерделеген сот талап қоюшыдан 1 320 807 теңге көлемінде қаражат ұсталғанын анықтады. Бұл соманы ұстап қалуға заңды негіз болмағандықтан, сот оны заңсыз деп таныды.
Бұдан бөлек, сот әскери қызметтен босатылған талап қоюшының Қазақстан Республикасының аумағында жеке мүлкін тасымалдауға байланысты өтемақы алуға құқығы бар деген қорытындыға келген.
Сот шешімімен әскери қызметшінің пайдасына заңсыз ұсталған 1 320 807 теңге және жеке мүлкін тасымалдауға байланысты 544 852 теңге өтемақы өндірілді.
Сондай-ақ жауапкер қолданыстағы нормаларға сәйкес талап қоюшыға берілмеген әскери киім-кешек пен жарақтарды заттай түрде тапсыруға міндеттелді.
Ал емделуге байланысты жұмсаған шығындарын өндіріп алу туралы талап арыз бөлігі қанағаттандырылған жоқ.
Осылайша, сот талап қоюшының талаптарын ішінара қанағаттандырды.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.