Шахтер күні: Қазақстанда тау-кен өндірісіне 530 млрд теңге инвестиция тартылды
Жыл сайын тамыздың соңғы жексенбісінде Қазақстанда құрметті де күрделі мамандық иелері – шахтерлер өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді
Жыл сайын тамыздың соңғы жексенбісінде Қазақстанда құрметті де күрделі мамандық иелері – шахтерлер өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде шахтерлерді жан-жақты қолдауға, еңбек қауіпсіздігін арттыруға және мамандықтың беделін көтеруге бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Еліміздің тау-кен өндіру саласында 145 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұлар – жер асты шахталары, кеніштер мен ашық карьерлердегі жұмысшылар. Шахтерлерді әлеуметтік қолдау аясында жасына және еңбек еткен жылдарына байланысты бұрын тағайындалған зейнетақылар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 10%-ға арттырылды. Сонымен қатар зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді. Қолдаудың қосымша шаралары кәсіпорындардың ұжымдық шарттарында көзделген. Мемлекет тарапынан сала ардагерлеріне де әлеуметтік қолдау шаралары мен жеңілдіктер ұсынылады. Олардың жалпы саны 13 мыңнан асады, оның ішінде 400-ден астамы «Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалерлері.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша жүйелі түрде шаралар қабылдап келеді. Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесе отырып, Жер қойнауын пайдаланушылардың өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйелеріне инвестицияларды арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. 55 шахта мен кенішті тексеру қорытындысы бойынша қызметкерлердің орналасқан жерін анықтау және іздеу жүйелерімен жарақтандыруды немесе өнеркәсіптік қауіпсіздік құралдарын жаңғыртуды қажет ететін сегіз компанияның 10 нысаны анықталды. Үш компаниямен инвестиция бөлу жөнінде келісімге қол жеткізілді, тағы бес компания қажетті техникалық шешімдер мен жабдық жеткізушілерін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
ТМК-ның ірі кәсіпорындары өндірісті жаңғырту, техникалық жағдайын өз деңгейінде ұстау және өндіріс көлемін кеңейту бойынша тиісті шараларды жүзеге асырды. Оған салынған инвестициялардың жалпы көлемі 530 млрд теңгеден асты.
Атап айтқанда, Qarmet АҚ кәсіпорындарында жерасты мониторингі және қызметкерлерді позициялау жүйелері, сондай-ақ конвейерлік көліктегі автоматтандырылған өрт сөндіру жүйелері қолданылып, шахталарды цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Qarmet компаниясы «Karaganda Komir» ЖШС жабдықтарын ауқымды түрде жаңартуды жалғастыруда. Жыл басынан бері кәсіпорындарға 758 бірлік жаңа жабдық жеткізілді.
«Қазақмыстың» өнеркәсіптік қауіпсіздіктің кешенді бағдарламасы 2026-2031 жылдары тау-кен техникалары мен желдету жабдықтарын жаңартуды, сондай-ақ бірыңғай цифрлық қауіпсіздік контурын енгізуді көздейді.
ERG өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыруға және адам факторын азайтуға бағытталған цифрлық трансформация бағдарламасын жүзеге асыруда.
Кеншілеріміздің ерен еңбегі – еліміздің өнеркәсіп саласының әлеуетін артырудың берік негізі. Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндіріс индексі 103,0%-ды құрады, 60,3 млн тонна көмір өндірілді, темір кенін өндіру көлемі 31,24 млн тоннаны, мыс кенін өндіру – 89,72 млн тоннаны, құрамында алтыны бар кендерді өндіру – 23,35 млн тоннаны, хром кендерін өндіру – 4,07 млн тоннаны құрады.