Ақтөбеде дүкенге инвестиция салған тұрғындар 100 млн теңгеге жуық қаржысынан қағылған

Полиция мәліметінше, қазіргі уақытта іс бойынша 68 адам зардап шегуші ретінде танылған

Ақтөбеде дүкенге инвестиция салған тұрғындар 100 млн теңгеге жуық қаржысынан қағылған
Фото: © istockphoto.com

Ақтөбеде ұлттық стилдегі киімдер мен әшекейлер сататын дүкеннің атынан ұйымдастырылған алаяқтық ісі бойынша зардап шеккен тұрғындар Департамент полициясының ғимараты алдына жиналды. Халық тергеу барысының баяу жүріп жатқанына наразылық білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дүкен тұрғындарды брендке инвестиция салуға шақырып, ай сайын 20 пайыз және одан да жоғары дивиденд төлеуге уәде берген. Сондай-ақ бонустар ретінде дүкен тауарларын тегін таңдап алу мүмкіндігі ұсынылған. Дегенмен, көп ұзамай уәде етілген төлемдер тоқтаған.

«Олардың бес жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқаны және жоғары дивидендтер төлейтіні туралы жарнама өте көп болды. Маған олардың ұлттық стилдегі әшекейлері мен өндірісі ұнады. Сондықтан түскен пайызға дайын образдарды алып тұру үшін ақша салған едім», — дейді зардап шеккен Әсел Дүйісова.

Қорғаушылардың айтуынша, бұл схемада нақты рөлдері бөлінген ұйымдасқан топ әрекет еткен.

«Үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы тек бір адамға қатысты қолданылды. Қалғандары іс бойынша куәгер ретінде өтіп жатыр. Ал іс жүзінде төрт адамның да өз рөлі болған. Ұйымды бір адам басқарып, пайданы бәрі көрген, яғни топтың тұрақтылығы байқалады», — деді адвокат Нұрболат Қамысбай.

Полиция мәліметінше, қазіргі уақытта іс бойынша 68 адам зардап шегуші ретінде танылған. Алдын ала есеп бойынша келтірілген жалпы шығын көлемі 100 миллион теңгеге жуықтады.

«Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді. Аталған дүкеннің негізін қалаушыға қатысты сот бұлтартпау шарасын таңдады. Сондай-ақ қылмыстық іс бойынша бес адам, соның ішінде дүкен иесінің туысы мен құрбысы күдікті ретінде танылды», — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ДП бастығының орынбасары Әсет Қалиев.

Мақалада
#Ақтөбе #алаяқтық