Саида Садуақасова: Құрылтайдың құрылуы – мемлекеттік басқару мәдениетінің жаңаруы
Цифрландыру және инновациялар институты директорының орынбасары Саида Садуақасова Мемлекет басшысының бастамаларына қатысты пікір білдірді
Президенттің бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың ашылуында сөйлеген сөзі елдегі саяси жүйені жаңғыртудың айқын бағытын айқындап берді. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Цифрландыру және инновациялар институты директорының орынбасары Саида Садуақасова Мемлекет басшысының бастамаларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның пікірінше, Құрылтайдың құрылуы – бұл жай ғана заң шығарушы органның іске қосылуы емес, бұл мемлекеттік басқару мәдениетін түбегейлі жаңартудың бастауы.
Саида Садуақасова саяси институттың жаңа институционалдық рөлі мен оның мемлекеттік аппаратқа тигізер әсерін былайша талдап берді:
«Президент Құрылтайдың құрылуын жаңа Конституция негізінде қалыптасқан бір палаталы заң шығарушы органның іске қосылуы ретінде атап өтіп, оның билік жүйесін түбегейлі жаңғыртуға және бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін беруге тиіс екенін айтты. Бұл мемлекеттік қызметшілерден тек орындаушылық тәртіпті емес, аналитикалық ойлауды, стратегиялық пайымдауды және нәтижеге бағдарлануды талап етеді»
Сондай-ақ заң жобаларын әзірлеуде policy analysis, regulatory impact assessment және деректерге негізделген шешім қабылдау құралдарының маңызы артпақ. Өйткені мамандар құқықтық норманы жазып қана қоймай, оның әлеуметтік-экономикалық салдарына алдын ала баға бере алуы керек.
«Құрылтай сайлауының алдында президент жаңа құрамға тәжірибелі мамандармен қатар саясатқа жаңадан келген азаматтар, жастар және президенттік жастар кадр резервінің мүшелері енгенін атап өткен болатын. Ол мұны саяси жүйенің табиғи, эволюциялық жаңаруы ретінде бағалады. Бұл мемлекеттік аппаратқа жаңа буын мамандарын тарту ғана емес, олардың жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру қажеттілігін көрсетеді», – деп атап өтті Саида Садуақасова.
Сарапшының түйіндеуінше, Мемлекеттік басқару академиясының басты міндеті – осы жаңа архитектураға сай келетін адами капиталды даярлау және заманауи басқару мәдениетін орнықтыру.