Qarmet-ке сапасыз металлолом жеткізу схемасы: 13 адамға сот үкімі шықты

Qarmet-ке 1,5 млрд теңге залал келтірген қылмыстық топ мүшелері сотталды

Qarmet-ке сапасыз металлолом жеткізу схемасы: 13 адамға сот үкімі шықты
Фото: istockphoto.com

Теміржол вагондары сапалы металл сынықтарының орнына қоспалар араласқан металлоломмен бірге үш жылға жуық уақыт бойы Qarmet кәсіпорнына жеткізіліп отырған. Соның салдарынан кәсіпорынға 1,5 млрд теңгеден астам залал келтірілген. Астана соты ұйымдасқан қылмыстық топтың 13 қатысушысына үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарағанды облысының прокуратурасының мәліметінше, Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты сотталушыларды ақша қаражатын жымқыруға және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысуға байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп таныды.

Сот қылмыстық схеманың 2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы желтоқсанға дейін жұмыс істегенін анықтады. А. есімді азаматтың басшылығымен топ мүшелері кәсіпорынға сапалы металл сынықтары ретінде теміржол вагондарын жеткізуді ұйымдастырған. Алайда вагондардың ішінде құм, қиыршық тас, топырақ және басқа да металл емес қоспалардың едәуір мөлшері болған.

Схемаға қатысушылар рөлдерін алдын ала бөліп алған. Бірі вагондардың кәсіпорын аумағына кедергісіз өтуін және оларды жедел түсіруді қамтамасыз етсе, енді бірі металл сынықтарының ластану көрсеткіштерін жасанды түрде төмендетуге ықпал еткен. Нәтижесінде «Qarmet» АҚ-ға 1 млрд 503 млн 954 мың теңге көлемінде залал келтірілген.

Қарағанды облысы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушылары сотта дәлелдемелердің жан-жақты әрі объективті зерттелуін қамтамасыз етті.

Сот сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлікті мемлекет кірісіне айналдыру туралы қаулы шығарды. Оның қатарында көлік құралдары, жылжымайтын мүлік және сотталғандардың банк шоттарындағы ақша қаражаты бар. Мемлекет кірісіне айналдырылған мүліктің жалпы құны шамамен 1 млрд теңгені құрады.

Бұдан бөлек, сот «Qarmet» АҚ-ның талап-арызын қанағаттандырды. Сотталғандардан келтірілген залалды өтеу есебінен 803 млн 954 мың 694 теңге ортақ тәртіппен өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.