Алматыда көпқабатты үйдің 11-қабатындағы пәтер өртенді
Өрттен шамамен 100 тұрғын эвакуацияланды
Бүгін Алматы қаласының Алатау ауданындағы Дарабоз шағын ауданында 12 қабатты тұрғын үйдің 11-қабатындағы пәтерден өрт шықты. Бұл туралы «112» пультіне хабарлама түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің алғашқы бөлімшелері жеткенде, пәтердің асүйінде ашық жалынмен өрт болып жатқаны анықталған.
Құтқарушылар дереу барлау жұмысын жүргізіп, тұрғындарды қауіпсіз жерге шығара бастаған. Газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары баспалдақ арқылы көтеріліп, арнайы құтқару қалпақтарын пайдаланып, 10 адамды құтқарған Олардың арасында 4 бала бар. Сонымен қатар шамамен 100 тұрғын эвакуацияланған.
Өрт толық сөндірілді. Құтқарушылардың мәліметінше, зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.