Құрылтайдың сегіз тұрақты комитеті құрылды
Комитет төрағалары ашық дауыс беру арқылы сайланды
Құрылтай депутаттары тұрақты комитеттердің санын, атауын бекітіп, олардың құрамына кіретін мүшелерді сайлады. Заңға сәйкес, Құрылтайдағы тұрақты комитеттердің саны сегізден аспауы керек. Осыған байланысты Снежанна Имашева сегіз комитет құруды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олар:
- Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитеті;
- Әлеуметтік-мәдени даму комитеті;
- Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқықтық органдар комитеті;
- Қаржы және бюджет комитеті;
- Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитеті;
- Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті;
- Цифрландыру, инновация және ғылым комитеті;
- Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитеті.
Комитет төрағалары ашық дауыс беру арқылы сайланды. Бірлескен шешім бойынша Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетін оппозиция өкілі басқарады. Қалған жеті комитеттің төрағалары Құрылтайдағы көпшілікті құрайтын Әділет партиясынан сайланды.
Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетіне Серік Егізбаев төрағалық етеді. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы – Асхат Аймағанбетов.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқықтық органдар комитетін Үнзила Шапақ басқарады. Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болып Ольга Перепечина сайланды.
Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетіне Әмірбек Оспанбеков жетекшілік етеді. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы – Марат Қожаев.
Цифрландыру, инновация және ғылым комитетін Дархан Ахмедиев басқарады. Ал Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің төрағасы болып Наталья Годунова сайланды.