«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз»: Жазушылар одағы президенттің кітабын талқылады
Қаламгерлер Президенттің елдің болашағы, ұлттық құндылықтар, мемлекеттік тіл, жастар тәрбиесі, мәдениет пен руханиятқа қатысты ойларына тоқталды
Қазақстан Жазушылар одағында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын талқылауға арналған жиын өтті. Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасарлары Қасымхан Бегманов, Ғалым Қалибекұлы, Бейбіт Сарыбай және жазушы Смағұл Елубай, сыншы Әлия Бөпежанова, жазушы Қанат Қайым, ақын Әділғазы Қайырбеков, ақын Пәтигүл Мақсатова, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, ақын Маралтай Райымбекұлы, ақын Ерлан Жүніс қатысты,деп хабарлайды Azattyq Rýhy..
Жиында кітаптың мазмұны мен онда көтерілген мәселелер талқыланды. Қаламгерлер Президенттің елдің болашағы, ұлттық құндылықтар, мемлекеттік тіл, жастар тәрбиесі, мәдениет пен руханиятқа қатысты ойларына тоқталды. Басқосуды ашқан Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов әдебиеттің қоғамдағы орнына тоқталды. Оның айтуынша, әділетті қоғам қалыптастыру үшін шындықтың ашық айтылуы маңызды.
«Әдебиет пен сөз өнерінің басты мұраты – адамды адалдыққа тәрбиелеу. Сондықтан «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» деген атаудың өзі біз үшін үлкен мәнге ие. Шын сөз айтылмайынша, әділетті қоғам да қалыптаспайды», – деді Мереке Құлкенов.
Ол Мемлекет басшысының әр жылдардағы сөздерінен ел тағдырына, ұлттық құндылықтарға, заң мен тәртіпке және ұрпақ тәрбиесіне қатысты азаматтық ұстанымын аңғаруға болатынын айтты. Құлкеновтің сөзінше, жинақ бүгінгі Қазақстанның даму жолы мен қоғам алдындағы міндеттерді түсінуге мүмкіндік береді.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы – мемлекет басқару ісімен қатар, әдебиет пен мәдениеттің қоғамдағы айрықша орнын жақсы түсінетін мемлекет қайраткері. Оның қазақ әдебиетіне, жазушылар мен ақындарға деген құрметін біз үнемі көріп келеміз», – деді ол.
Жазушылар одағы басшысы Мемлекет басшысының «Мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын» деген сөзін де атап өтті. Оның пікірінше, бұл қаламгерлерге көрсетілген қолдаумен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан жазушылар мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға сапалы шығармалармен жауап беруі тиіс. Құлкенов әдебиеттің қоғамдағы өзгерістерден бөлек өмір сүрмейтінін де айтты. Президент өз сөздерінде әділеттілік, заң үстемдігі, еңбекқорлық, жауапкершілік, ұлттық бірлік, қоғамдық келісім, білім, ғылым, мәдениет пен руханият мәселелеріне үнемі назар аударып келеді.
«Әділетті қоғам, ең алдымен, әділетті сана қалыптасқан кезде орнығады. Ал әділетті сананы қалыптастыруда отбасы, мектеп, ғылыммен қатар әдебиеттің де рөлі зор. Жас ұрпақ кітаптан ел тарихын, адамгершілікті, отаншылдықты, достық пен адалдықты үйренеді», – деді Мереке Құлкенов.
Осы орайда ол кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен әдебиетті насихаттауды мемлекеттің рухани қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселе деп атады. Оның сөзінше, жаһандану дәуірінде ұлттық әдебиетке деген жауапкершілік те артып отыр. Ақпарат ағыны күшейіп, жас ұрпақтың талғамы өзгерген кезде қазақ әдебиеті өз биігін сақтап қана қоймай, жаңа заманның мәселелерін де көтеруі керек.
Жазушы Смағұл Елубай да жинақта тәуелсіздік, әділеттілік, адалдық, тазалық, мемлекетшілдік пен патриотизм секілді құндылықтардың қамтылғанына назар аударды.
«Президенттің «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабына тобықтай-тобықтай түйінді сөздер топтастырылған екен. Бұрын-соңды мұндай формадағы кітап шықпаған еді», – деді Смағұл Елубай.
Жазушының айтуынша, Мемлекет басшысының сөздеріне сүйенгісі келген адам іздегенін осы кітаптан таба алады.
«Президенттің қай сөзіне үңілсеңіз де шыншылдығы көрініп тұрады. Әрбірі жүректен шыққан. Кітаптың маңыздылығы да осында. Бұл – шындық, әділет іздеген кез келген қазақстандықтың үстелінің үстінде жататын кітап деп ойлаймын. Өйткені мұнда тілім, елім, әдебиетім, халқым деген әр қазақ азаматының жан дауысы бар», – деді ол.
Сыншы Әлия Бөпежанова кітапта Президенттің Жолдаулары, Үндеулері мен түрлі маңызды сәттерде сөйлеген сөздерінен негізгі ойлар жинақталғанын айтты. Ол қазақтың ұзақ әңгімені екі ауыз сөзбен түйіндейтінін айтып, жинақтағы ойлардың ықшам берілуін атап өтті.
«Мемлекет басшысының мазмұны терең ойлары топтастырылған бұл кітап жастар үшін де, бәріміз үшін де керек кітап деп есептеймін», – деді Әлия Бөпежанова.
Ал жазушы Қанат Қайым кітаптың 21 тақырып бойынша жүйеленгенін оның басты артықшылықтарының бірі деп санайды.
«Кітаптың ең ұнаған тұсы – Президент сөздері 21 тақырып бойынша жүйеленіп топтастырылған екен. Іздегеніңді жылдам тауып алуға өте ыңғайлы. Сөздерді оқи отырып Мемлекет басшысының Жолдаулары мен Үндеулерін ойға оралтып қана қоймай, білімдарлық пен тереңдіктің де тұнып тұрғанын түйсіндік», – деді Қанат Қайым.
Ақын Әділғазы Қайырбеков болса кітаптың «Тарих. Мәдениет. Руханият» бөліміне ерекше назар аударғанын айтты. Ол осы бөлімде мәдениет пен ұлттық болмысқа қатысты бірнеше маңызды тұжырым бар екенін атап өтті.
«Мәдениет – ұлттың рухани дербестігінің кепілі», «Рухани кемелденуге ұмтылмай өркендеу болмайды», «Домбыра – қазақтың жаны, болмысының айнасы», «Тарихи-мәдени мұрамызды XXI ғасырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеуіміз қажет», «Абай ілімі ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс» деген қадау-қадау ойлары үлкен ойларға жетелейді», – деді Әділғазы Қайырбеков.
Қасымхан Бегманов та жинақтың мазмұнына тоқталып, онда халықтың мемлекет құрудағы рөліне ерекше мән берілгенін айтты.
«Халқы мықты ел ғана қуатты мемлекет құра алады» деген тұжырымды айтып, халыққа арқа сүйейді Президентіміз. Бұның астарында үлкен ой жатыр. «Халқы мықты болмай – салты мықты болмайды, салты мықты болмай – халқы мықты болмайды» деген аталы сөзбен астасып тұр», – деді Қасымхан Бегманов.
Оның пікірінше, кітап Әділетті Қазақстан құрудағы бір бағдаршам іспетті. Ол жинақ арқылы Мемлекет басшысының елге деген жанашырлығын, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, адам капиталын дамыту, мемлекетшілдік пен білімділікті дәріптеу мәселелерін көтеріп отырғанын атап өтті.
Ақын Патигүл Мақсатова кітаптағы ғылым мен білім, цифрландыру, жасанды интеллект және «Таза Қазақстан» мәселелеріне қатысты ойларға назар аударды.
«Халқымызда «Даналар сөзі – ақылдың көзі» деген мақал бар ғой. Осы кітапты мен ақылдың көзі деп санаймын. Мемлекет басшысының ғылым мен білім, цифрландыру, жасанды интеллект, таза Қазақстан туралы ойлары қатты ұнады», – деді Патигүл Мақсатова.
Ол цифрландыру үдерісінен Қазақстанның да кешеуілдеп қалмауы керектігін айтып, жинақтың оқырманды осы тақырыптар төңірегінде ой өрбітуге жетелейтінін жеткізді. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» тұжырымының тек сыртқы тазалықпен шектелмей, ішкі адамдық тазалық пен мәдениетке де мән беретінін атап өтті.
Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек кітаптың басты құндылығы халықтың мемлекеттің қозғаушы күші екенін нақты көрсетуінде деп есептейді.
«Мемлекет басшысы әр тұжырымы арқылы мықты халық – мықты мемлекеттің тетігі екенін жеткізген. «Аққу, шортан һәм шаян» сынды қоғамда түрлі тартыстар орын алып тұр ғой. Соның әрбірінде ұлттың рөлі алға шығу керек», – деді Жүсіпбек Қорғасбек.
Ол кітапта Президенттің түрлі мәселеге қатысты ашық пікір білдіргенін атап өтіп, жинақты жасқа да, жасамысқа да пайдалы деп бағалады.
Ғалым Қалибек кітапта қазіргі Қазақстанның өткені, бүгіні мен келешегіне қатысты ойлар жинақталғанын айтты. Оның сөзінше, жинақ «кім боламыз?», «қайда бара жатырмыз?», «қандай ел боламыз?» деген сауалдарға жауап іздеуге мүмкіндік береді.
«Менің өмірлік ұстанымым – туған елімнің мүдделерін қорғау. Бұл міндетті айқай шығармай, ұстамдылық танытып, сабырлылықпен дәйекті түрде орындауға болады», – деген Президент сөзін мысалға келтірген Ғалым Қалибек ұлттық идеология мәселесіне де тоқталды.
Ақын Маралтай Райымбекұлы кітаптың жарық көруін Құрылтайдың құрылуымен қатар келген заңды құбылыс деп бағалады.
«Ешнәрсенің кездейсоқ болмайтыны сияқты «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының жарық көруі тегін емес. Бұл игіліктің Құрылтайдың құрылуымен қатар келіп жатқаны да – заңдылық», – деді Маралтай Райымбекұлы.
Ақын жинақтың тек әкім-қаралардың үстелінде емес, әр қазақтың төрінде тұратын еңбек болуы керектігін айтты. Оның пікірінше, кітап халыққа қызмет етуі тиіс.
Ал ақын Ерлан Жүніс кітаптан Мемлекет басшысының студент кезінен бүгінгі биігіне дейінгі қалыптасу жолын, елдік ұстанымдарының эволюциясын көруге болатынын айтты. Ол Президенттің әкесі, жазушы Кемел Тоқаевтан алған тағылымына да тоқталды.
«Президентіміздің кешегі студент шағынан бүгінгі биігіне дейінгі қалыптасу тұжырымдамасын көреміз бұл кітаптан. Әрбір жас көруі керек, сезінуі керек, білуі керек елдік ұстанымның эволюциясы бар мұнда», – деді Ерлан Жүніс.
Оның айтуынша, жинақта Мемлекет басшысының ел тарихындағы күрделі кезеңдерде айтқан сөздері мен маңызды тұжырымдары қамтылған.
Бейбіт Сарыбай да кітапта Мемлекет басшысының әр кезеңдегі сөздерінің негізгі түйіні мен маңызды ойлары жинақталғанын атап өтті.
«Кітапта Мемлекет басшысы тарапынан айтылған мәйек сөздер, түрлі шақтарда сөйленген сөздердің тобықтай түйіні, ең бір маржандары теріп алынған. Жинақты оқи отырып, Президентіміздің ұстанған ұстанымын, көңіл күйін, парасат-пайымын, бағыт-бағдарын, түгел сезіне аламыз», – деді Бейбіт Сарыбай.
Ол жинақты мемлекеттік қызметкерлермен қатар, ұстаздар, студенттер және жалпы қоғам оқуы керек деп есептейді.
Жиынға қатысушылар «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағын Мемлекет басшысының мемлекет құру мен қоғамды дамыту жөніндегі көзқарастарының қалыптасуы мен сабақтастығын танытатын маңызды басылым ретінде бағалады.