«Артқа шегінер жол жоқ»: президент әлемде тарихи бетбұрыс болып жатқанын айтты
Қазақстанда сынақтарды еңсеру үшін алдын алу шаралары қабылданады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әлемде жаңа, қарама-қайшылыққа толы тәртіп қалыптасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның сөзінше, бұл кезең бір жағынан қауіп-қатер мен белгісіздікке толы болса, екінші жағынан технологиялық прогресс пен адамзат дамуының жаңа мүмкіндіктерін ашатын тарихи бетбұрыс саналады.
«Мұндай жағдайда экономика, ғылым, әскери-дипломатия салаларында өзінің егемендігін нақты іспен қорғап, нығайтуға қауқарлы, ең маңыздысы, адам әлеуетін дамытатын мемлекеттер ғана жаңа дәуірге бейімделетіні баршаға түсінікті. Дәл осы себепті мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту стратегиялық тұрғыдан маңызды. Мақтангершілік емес, әділін айтсақ, біз жүргізіп жатқан ауқымды реформалардың қарқыны алдағы уақытта үдей түспесе, бәсеңдемейді. Қарапайым тілмен айтқанда, артқа шегінер жол жоқ. Бұл – елеулік жетістік», - деді президент.
Мемлекет басшысы елдегі реформалар қазіргі және болашақтағы жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
«Қазақ елінде жүргізіліп жатқан реформалардың күн тәртібінде қазіргі, тіпті келешектегі ықтимал жаһандық сын-қатерлер толық мейлінше ескерілген. Бұл – аса маңызды. Басқаша айтқанда, сол сынақтарды еңсеру үшін алдын алу шаралары қабылданады», - деді ол.