Ұлттық қор қаржысы қайда жұмсалады: жолдауда нақты жауап берілетін болды
Ұлттық қор қаражаты келер ұрпақтың игілігіне жұмсалады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор қаражатының мақсатсыз жұмсалмайтынын айтып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ұзақмерзімді пайдасы бар стратегиялық жобаларды қаржыландыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ұзақмерзімді пайдасы бар стратегиялық маңызды жобалардан қаржыландыру, соның ішінде Ұлттық қордан қаржы бөлу жоспарланып отыр. Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды. Мұндай қауесетті еш нәрседен хабарсыз, ниеті теріс адамдар таратады», – дейді ол.
Президенттің сөзіне сүйенсек, кез келген қордың, әсіресе, Ұлттық қордың тиімділігі, ең алдымен, келер ұрпақтың игілігі жолындағы зор табысқа, нақты нәтижеге қол жеткізумен өлшенеді.
«Ұлттық қордың пайдасын балаларымыз көріп отыр. Олардың есепшотына қомақты қаражат аударылып жатыр (Жақында ұстаздар алдында сөйлеген сөзімде оның мөлшерін айттым). Келешекте өскелең ұрпаққа қызмет ететін заманауи, сапалы инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Басқаша айтқанда, еліміздің алдағы ондаған жылдар, тіпті ғасырлар бойы дамуына берік негіз қаланады. Мемлекетіміздің іргесі де осы игі істердің арқасында беки түседі. Бұл мәселеге Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда кеңірек тоқталамын», – дейді президент.