Абай облысында 70 жылдан астам уақыт бұрын салынған вокзал жаңғыртудан өтіп, қайта ашылды

Дегелең станциясының теміржол вокзалы 1953 жылы салынған

Абай облысында 70 жылдан астам уақыт бұрын салынған вокзал жаңғыртудан өтіп, қайта ашылды
Фото: Көлік министрлігі

Абай облысындағы Дегелең станциясының 1953 жылы салынған теміржол вокзалы толық жаңғыртылып, жолаушыларға қайта қызмет көрсете бастады. Нысанды жаңарту мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан теміржол вокзалдарын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көлік министрлігігің мәліметінше, Дегелең станциясының теміржол вокзалы 1953 жылы салынған. Қайта жаңғырту аясында ғимарат жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасына қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып, толықтай жаңартылды.

«Құрылыс-монтаж жұмыстары барысында нөлдік цикл құрылысы, ғимарат қаңқасын тұрғызу, сыртқы және ішкі әрлеу шаралары жасалды. Сумен жабдықтау және кәріз желілерінің сыртқы инженерлік жүйелері, сондай-ақ ішкі инженерлік коммуникациялар жаңартылды. Дегелең станциясының вокзалы II санатты вокзалдарға жатады. Станция арқылы Семей, Астана, Бейнеу, Маңғыстау, Алматы, Павлодар, Қарағанды және Қандыағаш бағыттарымен қатынайтын 8 жолаушылар пойызы өтеді», – делінген министрлік хабарламасында.

Вокзалды қайта жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымы нысанының сыртқы келбетін жақсартуға бағытталған.