Абай облысында мемлекетті алдап, 266 млн теңгені қалтасына баспақ болған кәсіпкер сотталды
Ол күнбағыс тұқымының шығу тегі туралы жалған құжат жасап, өнімді Қазақстанда өндірілген деген сертификатпен Қытайға экспорттаған
Абай облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін заңсыз экспорттаған кәсіпкердің сот үкімі қайта қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2022 жылы кәсіпкер күнбағыс тұқымының шығу тегі туралы жалған мәлімет беріп, қолдан жасалған бухгалтерлік құжаттар арқылы өнімге Қазақстанда өндірілгені туралы сертификат алған. Осы құжаттармен Қытайға 13 мың тоннадан астам күнбағыс тұқымын экспорттаған.
Оның осы әрекетінен мемлекетке 130 млн теңгеден астам салық түспей қалған. Ал ұлттық тасымалдаушыға 136 млн теңгеден астам шығын келген. Жалпы залал 266 млн теңгеден асып отыр.
Бірінші сатыдағы сот кәсіпкерді салық төлеуден жалтарғаны және алдау арқылы материалдық залал келтіргені үшін кінәлі деп тапқан. Алайда қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастырды деген айып бойынша ақтаған. Алайда прокуратура бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Ол кәсіпкердің заңсыз тапқан ақшасын банк арқылы айналымға енгізгенін дәлелдеп шықты.
Апелляциялық сот прокуратураның уәжін қолдап, кәсіпкерді ақтау туралы шешімді жойды. Осылайша, ол қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін де кінәлі деп танылды. Кәсіпкер сот шешімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылды.