Қазақстандық онкологтар тәжірибе жинау үшін Тәжікстанға барды

Тәжікстанда Қазақстандағы заманауи онкологиялық көмектің мүмкіндіктері таныстырылды

Қазақстандық онкологтар тәжірибе жинау үшін Тәжікстанға барды
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстан медицинасы күндері шеңберінде Ұлттық ғылыми онкология орталығының мамандары тәжікстандық онкологтармен тәжірибе алмасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы заманауи онкологиялық көмектің мүмкіндіктері таныстырылды. Атап айтқанда, диагностикалау және дәрі-дәрмекпен емдеуден бастап, жоғары технологиялық хирургия, радиология, ядролық медицина және трансплантаттау бағыттары қамтылды.

«Практикалық жұмыс клиникада жалғасты. ҰҒОО мамандары дәрігерлер консилиумдарына қатысып, күрделі клиникалық жағдайларды, соның ішінде онкогематологиялық аурулары бар балаларды емдеу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар қазақстандық хирург-трансплантолог бүйректі трансплантаттау бойынша операцияларға қатысты. Тараптар кәсіби тәжірибе алмасуды одан әрі жалғастыру туралы да уағдаласты. Тәжікстан мамандары ҰҒОО базасында білім алып, біліктілігін арттыра алады. Сондай-ақ олар Астана қаласында өтетін ONCO FUTURE KAZAKHSTAN 2026 халықаралық конференциясына қатысады», – делінген ведомство хабарламасында.

Кездесудің басты нәтижесі – күрделі онкологиялық ауруларды емдеу саласындағы практикалық ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу.