Павлодарда кейуананы зорлап, өлтіріп кеткен: 14 жыл бұрынғы қылмыс ДНҚ арқылы ашылды
Адам шошырлық оқиға 2012 жылы болды
Павлодар облысында 14 жыл бұрынғы кейуананың өлімі ДНҚ сараптамасы арқылы ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, қылмыс бұрын жасалғанына қарамастан, бұл жұмыс тоқтамайды. Өткен жылдардағы қылмыстарды ашуда заманауи криминалистиканың мүмкіндіктері тиімді.
Павлодар облысында 14 жыл бұрын жасалған қылмыс ашылды. 2012 жылы бау-бақша қоғамдастығының аумағында 62 жастағы әйел зорланып, өлтірілген. Сол кезде қылмыскерді анықтау мүмкін болмады. Бірақ істі ашу бойынша жұмыс жалғасты.
«Жедел қызметкерлер мен криминалистер істі қайта зерделеді. Тексеру нәтижесінде күдікті анықталды. Ол 1964 жылы туған, бұрын сотталған ер адам болып шықты. ДНҚ сараптамасы оның қылмысқа қатысы бар екенін растады. Ер адам кінәсін мойындады. Ол ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды», – делінген ІІМ хабарламасында.
Полиция өткен жылдардағы қылмыстар ашу бойынша жұмысты жалғастырады. Қылмыс жасаған адам заң алдында жауап береді.