232 қазақстандық «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды: тізім қашан жарияланады

Бір орынға бес адамнан астам үміткер таласқан

232 қазақстандық «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды: тізім қашан жарияланады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Шетелде кадр даярлау жөніндегі республикалық комиссия «Болашақ» халықаралық стипендиясының жаңа иегерлерін анықтады. Отырыс Қазақстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Роман Склярдың төрағалығымен өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

Байқау қорытындысы бойынша республикалық комиссия Қазақстанның 232 азаматына «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдады. Орта есеппен бір орынға бес адамнан астам үміткер таласқан. Бұл бағдарламаға деген қызығушылықтың әлі де жоғары екенін және іріктеудің бәсекелі өткенін көрсетеді.

Жаңа стипендиаттардың 179-ы магистратурада, 12-сі докторантурада, біреуі бакалавриат бағдарламасы бойынша білім алады. Тағы 40 қазақстандық шетелдік ұйымдарда кәсіби тағылымдамадан өтеді.

Сонымен қатар 33 қазақстандыққа жетекші шетелдік университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту үшін стипендия бөлінеді.

«Бағдарлама отандық ғалымдардың біліктілігін арттыруға, заманауи зерттеу әдістерін меңгеруге және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған», – делінген хабарламада.

Отырыс қорытындысы бойынша Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі жүзеге асыру және жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

«Болашақ» стипендиаттары мен ғылыми тағылымдамадан өтуге арналған конкурстық іріктеу жеңімпаздарының тізімі 2026 жылғы 27 тамызда сағат 10:00-ден кейін жарияланады.

Жарияланған тізімдермен мына ресми ақпараттық ресурстардан танысуға болады:

  • ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің Telegram арнасында;
  • ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Telegram арнасында;
  • ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайтында;
  • «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Telegram арнасында;
  • «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ ресми сайтында.