Сайлаудан кейінгі тазалық: «Әділет» партиясы үгіт материалдарын жинады
Үгіт материалдарын жинауға 8 мың белсенді жұмылдырылды
Сайлау науқаны аяқталған соң, «Әділет» партиясы ел аумағында пайдаланылған үгіт материалдарын жинауға кірісті. Бұл жұмыс «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірінде жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Партия кандидаттары, жастар қанатының белсенділері, өңірлік штабтардың өкілдері мен волонтерлер көшелерден, аулалардан, аялдамалардан және арнайы белгіленген ақпараттық алаңдардан үгіт материалдарын жинады.
«Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Ақерке Ескендірова мен Ақжол Құрмансейіттің айтуынша, мұндай жұмыс «Таза Қазақстан» қағидаттарын жалғастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді.
«Жауапкершілік – «Әділет» партиясының негізгі қағидаттарының бірі. Біз үшін өз құндылықтарымызды нақты іспен көрсету маңызды. Үгіт жұмыстарын өзіміз жүргіздік, сондықтан науқан аяқталғаннан кейін материалдарымыз орналастырылған барлық алаңдарды ретке келтіруді дұрыс деп санаймыз. «Таза Қазақстан» мәдениеті ең алдымен жеке жауапкершіліктен, өз еңбегіңді құрметтеуден және қоршаған ортаға ұқыпты қараудан басталады», – деді кандидаттар.
Астанада волонтерлер ақпараттық стендтер мен басқа да алаңдардағы үгіт материалдарын жинады. Алматыда жұмыс қаланың барлық ауданында жүргізілді. Шымкентте акцияға 70-тен астам адам қатысып, қалалық алаңдар мен нысандардағы үгіт материалдарын алып тастады.
Белсенді жұмыс 17 өңірде де жүргізілді. Атырау облысында 350 белсенді қоғамдық орындардан шамамен 700 килограмм баспа материалдарын жинады. Ақтөбе облысында 300-ден астам волонтер 334 ресми алаң мен сауда нысанын үгіт материалдарынан тазартты. Шығыс Қазақстан облысында үгіт материалдары орналастырылған 467 ресми нүктеде жинау жұмыстары жүргізілді. Қарағандыда 100-ге жуық белсенді аула мен орталық көшелерді тазалау жұмыстарына қатысты. Акцияға Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан және басқа да облыстардағы партия мүшелері де қосылды.
Жиналған плакаттар, парақшалар мен баннерлер қайта өңдеуге және кәдеге жаратуға жіберілді.
Жалпы үгіт науқаны кезеңінде партия жұмысына өңірлер бойынша шамамен 8 мың белсенді жұмылдырылды. Үгіт материалдарын жинау жұмыстары белсенділердің сайлау науқаны аяқталғаннан кейінгі жұмысын қорытындылады.